Есірткі таратуға қатысқан лауазымды тұлғаларды өмір бойы бас бостандығынан айыру ұсынылды
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жазды
Мәжілісте есірткі өндірушілер мен таратушыларға жазаны күшейтуге бағытталған заң жобасы талқыланып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram-арнасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Заң жобасы есірткі өндірушілерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді көздейді.
«Мәжіліс депутаттары осы норманы бірауыздан қолдап дауыс берді. Алайда бұл тек бастама ғана. Есірткімен күресте одан да күрделі мәселелер бар», — деп жазды Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, есірткімен күресте жауапты тұлғалардың өздері бұл заңсыз әрекеттерге араласқан кезде, жағдай тіпті күрделене түседі. Осыған байланысты, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен лауазымын пайдаланып, есірткі бизнесіне қатысқан азаматтарға да өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізу ұсынылды.
«Егер олардың кінәсі дәлелденсе, мұндай әрекеттер ең қатаң жазалануы тиіс. Бұл – азаматтардың мүддесіне жасалған сатқындық, қоғам сеніміне нұқсан келтіріп, елдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді», – деп атап өтті депутат.
Есірткіге қарсы кешенді шаралар қабылданып жатыр. Мемлекет басшылығының бастамасымен елде есірткі бизнесімен және оның таралуымен күресті күшейтуге бағытталған кешенді жоспар бекітілген. Бұл жоспар ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға және қоғамды қауіпті тәуелділіктен қорғауға бағытталған.