Сыр өңіріне 1,4 трлн теңге инвестиция тартылды – Нәлібаев
Өңірде 35 инвестициялық жоба іске қосылған

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте облысқа тартылған инвестиция жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нәлібаевтың айтуынша, биыл жоспарланған 517,5 млрд теңге меженің 478,3 млрд теңгесіне 10 айда қол жеткізілді. Соңғы үш жылда 30,3 млрд теңгенің 35 инвестициялық жобасы іске қосылған.
«Атап өту қажет, өңірге бекітілген индикатор соңғы екі жыл қатарынан артығымен орындалуда. 2022 жылы 373,5 млрд теңге индикатор белгіленген еді, атқарылған жұмыстар нәтижесінде жоспар 10,6 пайызға артығымен орындалып, 413,3 млрд теңге болды. Ал өткен жылы 424,2 млрд теңге индикатор бекітіліп, жоспар 21 пайызға артығымен орындалды, яғни 513,7 млрд теңге инвестиция тартылды», - деді Нәлібаев.
Облыс әкімі атағандай, Қызылорда көрсеткіштің өсу қарқыны, жоспарлы көрсеткіштің орындалуы бойынша өңірлер арасында 1-орынға шықты.
«Өнеркәсіп саласының дамуына серпін берген шыны зауыты арқылы өндіріске 42 млрд теңге инвестиция тартылды. Қажетті шикізаттар шетелден, әсіресе Ресейден, Өзбекстаннан тасымалданып жатыр. Зауыт іске қосылғаннан бері 37,1 млрд теңгенің 28,7 млн шаршы метр шынысын өндірді. Өнімнің 70%-ы ішкі нарыққа, 30%-ы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия және Ресей елдеріне экспортқа жіберіледі. Қазіргі таңда зауытта 400-ге жуық адам жұмыс істеп жүр. Инвестиция тарту, өндірістік кооперацияны дамыту, жаңа жобаларды іске асыру үшін шетелдік компания басшылары, дипломатия өкілдері облысқа жұмыс сапарымен келіп, кездесулер ұйымдастыруда. Аймақта инвесторларға қолайлы климат қалыптасты деп айтуға толық негіз бар», - деді облыс әкімі.