«Бүгінгі халі мүшкіл»: депутат Түркістан облысындағы әйгілі шипажайды жаңғыртуды сұрады
Ол Қызылкөл жайлы мәселені көтерді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков туризм саласындағы қордаланған мәселелерді көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту жөніндегі кеңесте «Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұрғанын айтты.
«Сондай-ақ, ел президенті бүкіл туристке бір бағдарлама ұсынуға болмайтынын, туристік 20 жобаның дұрыс жүзеге аспағанын, ішкі инвесторлардың туристік жерлерге қол жеткізе алмай жатқанына да арнайы тоқталып өтті. Расында, соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бүгінгі депутаттық сауал Түркістан облысындағы туристік нысандарды қорғау мен қолдауға және ондағы туындаған мәселелерді оңтайлы шешуге арналады. Бұл түйткілді мәселе «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында да қарастырылған», - деді Ұласбек Сәдібеков.
Оның айтуынша, вальс падишасы Шәмші Қалдаяқов әніне қосқан Түркістан облысының Теріскей аумағының бүгінгі халі мүшкіл.
«Қаратаудан шыққан көш Ақтабан шұбырындыға ілескен, тарихы тағылымды, табиғи байлығы жеті ұрпаққа жететін Созақ бетпақ даланың соңғы аялдамасы. Мұнда Қызылкөл демалыс аймағы болатын. Созақ ауданында орналасқан көлдің суы да, балшығы да дертке дауа еді. Аудан орталығынан небәрі 40 шақырым қашықтықта жатқан Қызылкөл туристерден босамайтын. Дегенмен, бүгінде көлдің суы тартылып қалды. Содан Мыңжылқы, Келіншектау, Шолаққорған, қонақтардан босамайтын Қызылкөл адам ат ізін салмайтын, тұзы адамдарға қауіпті аумаққа айналып кетті. Бұрынғы қайық, құс, жағажай мен шипажай тек елеске айналған. Кезенесі кеуіп балшығы тұз болып жатыр. Бабата су қоймасынан су бұратын лотоктар қирап қалған. Бұл ауыл тұрғындарына да, Қызылкөлге де кері әсерін тигізуде. Әсіресе, жел тұрғанда іргедегі Құмкент ауылдық округінің тұрғындарына қиын.
Мұның соңы экологиялық апатқа әкеп соғуы да мүмкін. Созақта онсыз да уран өндірісінен адам денсаулығына зиян аз емес», - дейді ол.
Осы орайда депутат Қызылкөл санаторийін қайта жаңғырту керек деп есептейтінін айтты.
«Жоба жүзеге асса екі облыспен шектесетін Созақ ауданының туристік мүмкіндіктерін ашыла түсер еді. Себебі, бүгінде елімізде балшықпен ем жүргізетін жалғыз Жаңақорған шипажайы жұмыс істеп тұр. Теңіз деңгейінен 331 метр биіктікте орналасқан көл батыстан шығысқа қарай созылып жатыр», - деді депутат.
Сәдібеков туристік әлеуетін арттыруға әбден лайықты жерде бірқатар іс-шара жүргізуді ұсынды:
- Құмкент ауылдық округін қалыптасқан жағдайға байланысты экологиялық аумақ деп танып, ауыл азаматтарына өтемақы төлеуді;
- Қызылкөл шипажайын туристік жобалар тізіміне енгізіп, қайта жаңғыртуды және Қызылкөлге баратын инфрақұрылымды жақсартуды;
- Қызылкөлге құятын өзен және канал арналарын реттеуді, лотоктарды жаңалауды және Қызылкөлге Жамбыл облысынан қосымша су жіберуді;
- Созақ ауданының туристік әлеуетін нығайтуды сұраймын.