Қарағандыда бес жыл бойы мемлекетаралық іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды
Аталған фактіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде
Қарағанды қаласының полиция қызметкерлері бес жылдан бері мемлекетаралық іздеуде болған қылмыскерді қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
5 қарашада Қарағанды қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция полкінің жаяу жасағы өз бағытындағы аулаларды тексеру кезінде күдік тудырған ер адамды байқаған.
«Тексеру барысында 41 жастағы азаматтың 2019 жылдан бері мемлекетаралық іздеуде жүргені анықталды. Ол сол жылы көлік жүргізу кезінде жол ережелерін бұзу нәтижесінде адамның денсаулығына ауыр зиян келтірген қылмысы үшін айыпталған. Құқық қорғау органдары ұсталғаны туралы ақпаратты іздестіру бастамашысы – Татарстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне жеткізді», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қылмыскердің әрі қарайғы тағдыры бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.