$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістан облысында лейшманиоз ауруына шалдыққандар саны артуда

Дәрігерлер жұрт арасында тараған жара кеміргіштерден жұғуы мүмкін дейді

Түркістан облысында лейшманиоз ауруына шалдыққандар саны артуда
Видеодан алынған кадр

Денесін жара басқан тұрғындар мұны уран өндіретін кәсіпорын жұмысымен байланыстырып отыр. Себебі Отырар ауданындағы уран өндіретін Заречное кен орнындағы зиянды қалдықтың далаға төгіліп жатқанын кәсіпорын жұмысшысы әлеуметтік желіге жариялаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Осыдан кейін арнайы комиссия табиғатты улап жатқан кен орнында тексерісті бастады. Оның қорытындысы бойынша кінәлілер анықталмақ. Ал дәрігерлер жұрт арасында тараған жара кеміргіштерден жұғуы мүмкін дейді.

Видеоны Отырар ауданында орналасқан Заречное кен орнының жұмысшысы түсірген. Кәсіпорыннан шыққан зиянды ерітінді арнайы орынға емес, жерге төге салған көрінеді. Видео әлеуметтік желіге жарияланған соң, кәсіпорынға жақын орналасқан ауыл халқынан маза кетті. Өйткені сол маңда тұратын тұрғындар арасында «лишманиоз» деп аталатын жара таралыпты. Шыққан жерінің етін үңірейтіп жіберетін кесел кәріге де, жасқа да жұққан көрінеді. Мәселен, дәрігерлер бір ғана Көксарай ауылындағы 118 тұрғыннан осы аурудың белгілерін анықтаған.

Алайда дәрігерлер, бұл жараның уран өндірісіне қатысы жоқ дейді. Себебі, «лишманиоз» тышқан, саршұнақ сияқты кеміргештерден жұғады екен. Сондықтан аурудың алдын алу үшін дезинфекция жасау керек дейді.

«Бұл жараның тасымалдаушысы кеміргіштер, одан адамға жұқтыратын маса, шыбын-шіркей болғандықтан, көктем, күзгі дезинфекция жұмыстарын күшейту керек шығар. Сосын халыққа санитарлық ағарту жұмысын көп жүргізу керек. Біз эпидаймақ болғандықтан, сырт киімін киіп жүру керек», - деді Көксарай емханасының дәрігері Жанат Мұса.

Десе де зиянды қалдықтар далаға төгілген видео жарияланған соң кәсіпорында тексеріс басталды. Соның нәтижесі бойынша жауаптылар жазаланады дейді басшылар.

Серіктес жаңалықтары