$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Батыс Қазақстан облысында ауыл әкімдерінің форумы өтті

Форум жұмысы пленарлық сессия форматында өтіп, бас-аяғы 2 бөлімнен тұрды

Батыс Қазақстан облысында ауыл әкімдерінің форумы өтті
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Оралда Батыс Қазақстан облысының «AMANAT» партиясы атынан сайланған ауыл әкімдерінің форумы өтті. аталған форум жергілікті билік органдарының өзара байланыс алаңы саналады. Дәл осы алаңда ауыл әкімдері мен депутаттар арасында тәжірибе алмасуға, атқарылатын жұмыстарды айқындауға көп мүмкіндік берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиынға AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, партия филиалдары мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты. Форум барысында «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты», «Жер аманаты»  жобалары аясында жиі қойылатын сауалдар талқыланып, аталған бағдарламаларды жүзеге асыру тетіктері мен талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі мемлекеттік саясаттың жаңа қадамдары кеңінен талқыланып, форум қатысушыларына түрлі тренинг өткізілді.

Форумның басында сөз алған Партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев халықтың нақты мәселелерін шешуге бағытталған партиялық жобалар туралы айтып өтті.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы аясында Үкімет 100 млрд. теңге бөліп, 15 мыңға жуық шағын несие берді, 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Батыс Қазақстан облысы бойынша былтыр 6,4 млрд теңге бөлініп, 992 микрокредит берілді, 1135 жаңа жұмыс орны құрылды. Өздеріңіз білетіндей, «Жер аманаты» жобасы пайдаланылмай жатқан және кезінде заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтаруға бағытталған. Бүгінде еліміз бойынша шамамен 11 миллион гектар жер қайтарылды. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында 79 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Тағы 50 мың гектар жерді қайтару жоспарда бар», - деді ол.

AMANAT  партиясының баспасөз қызметі

Жиында өзара тәжірибе алмасқан басшылар өңірдегі өзекті мәселелерді талқылап, олардың шешу жолдарын қарастырды. Мәселен облыстағы 413 ауылдың 357-сінде интернет сапасы нашар. Сонымен қатар әкімшілік бөліністе бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Дегенмен атқарылған жұмыстардың арқасында күрмеуі шешілген мәселелер де жоқ емес.  Мысалы, Қаратөбе ауданындағы Қоскөл ауылының тұрғындары өзара кооперативке бірігіп, мал азығын қолжетімді бағамен сатып, көл-көсір пайда тауып отыр. Төрт түлікті асылдандыру міндеті де жолға қойылған.

«Биыл Батыс Қазақстан облысында «Қаладан Ауылға» бағдарламасы жүзеге асуда. Бағдарлама Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске қосылған.  Жобаның мақсаты – қара шаңырақтың түтінін қайта жаңғырту, ауылдарымызды иесіз қалдырмау және туған жерді гүлдендіру. Бұдан бөлек, облысымыздың 50-ден астам ауылдарында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 758 үй салынып, табысталуда», - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

AMANAT  партиясының баспасөз қызметі

Бүгінде партияның 2023-2027 жылдарға «Халықпен бірге!» бағдарламасы аясында республикалық және 20 өңірлік жол картасы әзірленген. Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік жол картасы 122 тармақтан тұрады. Бүгінде алға қойылған міндеттердің 24 пайызы орындалды.   

Форумда мемлекеттік сатып алу, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері де сөз болды. Көпшілікке ұнаған озық тәжірибелер өзге өңірлерге үлгі ретінде ұсынылмақ.

«Батыс Қазақстан облысының бірегейлігі мынада: мұнда аудандық мәслихат бекіткен ауданның даму бағдарламасы мен әр ауылға арналған нақты даму жоспары қабылданған. Бұл тәжірибе көп аймақтарда әлі жоқ, олар көбіне жергілікті қауымдастықты дамыту жоспары деңгейінде шектелген. Ауыл әкімінің сайлауалды бағдарламасында уәде еткен бастамаларын орындау мүмкіндігі осы өңірде толық қарастырылған деп ойлаймын», - деді Эльдар Жұмағазиев.

Осылайша, форум жұмысы пленарлық сессия форматында өтіп, бас-аяғы 2 бөлімнен тұрды. Форумның екінші бөлігі семинар-тренингпен жалғасты. Онда әкімдер заңнамадағы, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат алды. Мемлекеттік қызмет істері саласындағы тренерлер менеджмент процесін жетілдіру, имидж қалыптастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар берді. Айта кетейік, ауылдық округ әкімдерінің өңірлік форумдары еліміздің барлық аймақтарында өтуде. Бүгінге дейін мұндай жиындар еліміздің алты өңірінде ұйымдастырылды.

Серіктес жаңалықтары