Мал іздеуге шығып, жоғалып кеткен 15 жастағы жасөспірім табылды
Оқиға Қостанай облысында болған
Қостанай облысының ТЖД қызметкерлері іздестіру-құтқару операциясын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2 қараша күні таңертең Аманқарағай ауданының ауылында 15 жастағы жасөспірім мал іздеуге атпен шығып, жоғалып кеткен. Түстен кейін ол ата-анасына қоңырау шалып, телефонының қуаты таусылып бара жатқанын хабарлаған. Одан кейін онымен байланыс үзілген. Жасөспірімнің жоғалғаны туралы хабар түскен бойда оны іздеуге құтқарушылар, полиция қызметкерлері, әкімдік өкілдері және туыстары жұмылды. Іздестіру тобының үйлесімді жұмысының арқасында жасөспірім Шолақтерек қыстауынан табылды. Оның денсаулығына зиян келмеген», – деп хабарлады құтқарушылар.
ТЖД алыс сапарға шығар алдында туыстарға бағыт пен қайту уақытын алдын ала хабарлап, толығымен қуатталған мобильді құрылғылар мен қосымша байланыс құралдарын алып жүруге кеңес береді.