АШМ: Екі айда 2,2 миллион тоннадан астам астық экспортталды
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40% көп

2024 жылдың қыркүйек-қазан айларында Қазақстаннан 2,2 миллион тоннадан астам астық экспортталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, осы кезеңде ел ішінде және экспортқа астық тасымалдау көлемі оң динамиканы көрсетіп, 2,2 миллион тоннадан асқан. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 40% артық.
«Әсіресе Иран нарығына экспортталатын арпа көлемі қарқынды өсіп, 150 мың тоннаға жетті. Егін жинау науқаны аяқталып, өнім көлемі нақтыланғаннан кейін, астық нарығында айтарлықтай жандану байқалып жатыр», – делінген хабарламада.
Басты басымдықтардың бірі – қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық аренаға шығару. Осы мақсатта шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты нығайтып, экспорт географиясын кеңейтіп, жаңа перспективалы нарықтарға шығарылып жатыр.
Бұл процесте экспорттық партияларды біріктіру бағдарламасы маңызды рөл атқарады. Бағдарлама фермерлерге өнімді иеліктен шығармай-ақ экспорттауға мүмкіндік береді, ал фермерлер тікелей шетел валютасында кіріс алады.
«Бүгінгі таңда Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай импорттаушыларымен қазақстандық фермерлерден ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша жалпы сомасы 19,5 миллион долларды құрайтын экспорттық келісімшарттар жасалды. Пилоттық келісімшарттың оң нәтижесін кеңейту жоспарланып отыр», – делінген хабарламада.