Оралда медицина құралдарын Ресей асырмақ болғандар ұсталды
14 көліктегі тауардың жалпы сомасы шамамен 1 млрд теңгені құрайды

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» өткізу бекетінде 1 миллиард теңгенің медициналық құралдарын Ресейге асырмақ болғандар ұсталды, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Тасымалдауға тыйым салынған жеке қорғаныс құралдары 14 жүк көлігіне тиеліпті. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер басқармасының хабарлауынша, мұндай өнімді экспорттау үшін арнайы рұқсат берілуі тиіс. Бірақ кірісін жасырып, салық төлеуден жалтармақ болған жүк иесі электронды шот фактураны қолдан жасаған.
Алматы қаласынан шыққан күдікті көліктер Ресейдің Пенза облысына бағыт алған. Шекарада алынған тауар қазір уақытша сақтау қоймасында тұр. Олардың арасында медициналық маскалар, дәрі-дәрмек, байланыссыз термометрлер, қолғаптар, қорғаныс киімдері мен көзілдіріктері бар. Тауардың жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге жуықтайды.
«14 көліктің де құжаттары жоқ. Жүктің құжаттары Е-лицензиялау жүйесінде де, Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінде де тіркелмеген. Сондықтан бұл құжаттар жалған болып саналады. Қазіргі таңда материал экономикалық тергеу департаментіне жолданды, процессуалдық шешім қабылдауға кедендік тексеру басталғанын хабарлаймыз», - дейді БҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Тимур Төлепов.