Ақтөбеде жедел-жәрдем қызметкерлері қорғаныш киімдерін жуып, қайта киюге мәжбүр
Олар бас көтеріп, карантин жағдайындағы проблемаларын ортаға салды
Ақтөбеде жедел жәрдем қызметкерлері арнайы қорғаныш киімдеріне әлі күнге дейін жарымай отыр. Бүгін олар бас көтеріп, карантин жағдайындағы проблемаларын ортаға салды, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. Олар бір ай бойы қауіптің ортасында жүрсе де, бір реттік киімдерін жуып, қайта киіп жүр. Сонымен қатар олар уәде етілген сыйақыны да ала алмай жүргендеріне наразы.
«Ақтөбе облысында 52 бригада бар. Оның тең жартысы коронавирус жұқтырғандарға жұмылдырылған. «Бүкіл емхананы киіндіріп қойды, ал бізде форма жоқ. Негізі Ақтөбе облысында 52 бригада бар. Оның тең жартысына қазынадан бөлінген үстемеақы тиесілі. Ал қалған бригадаларға жергілікті бюджеттен жүз мың теңге көлемінде бір реттік сыйақы тағайындалды», - дейді жедел-жәрдем бекетінің қызметкері Ерболат Құдайбергенов.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, аймақтағы медицина қызметкерлеріне жергілікті бюджеттен әуелі 24 миллион теңге бөлінген. Жуырда тағы 31 миллион теңге бөлінеді.
«Кімге қаншадан берілетінін мен білмеймін. Жүктемесі есептеледі. Барлығы атқарған қызметіне сәйкес беріледі. Жүз мың теңгеден ақша береміз дегеніміз рас. Бірден емес. Бөліп-бөліп беріп жатырмыз. Айттық уәдені біз міндетті түрде орындаймыз», - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.