Қобыз бен домбыраның үні: Қосшыда жас ақындар айтысы өтті

Azattyq Rýhy

Жас ақындары айтысы өте тартысты өтті

Қобыз бен домбыраның үні: Қосшыда жас ақындар айтысы өтті
Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Қосшы қаласында Республика күніне және даңқты батыр, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ерлік-елдің қасиеті» атты аймақтық жас ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аймақтық ақындар айтысында қала әкімінің орынбасары Берген Жүмкейұлы құттықтау сөз сөйлеп, айтыс өнерінің ежелден келе жатқан саф мәдениет екенін тілге тиек етті. Сосын ақындарға сәттілік тіледі.

Айтыс — қазақ тарихында ежелден келе жатқан поэзиялық жанр. Топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөзге қазақ қашан да тоқтаған. Қазақ қоғамында ақынның ақын болып танылуы да тек айтыс арқылы жүзеге асқан. Айтыс – ақынның талантын, жалпы болмысын шыңдайтын үлкен өнер жарысы. Айтыстың негізгі салмағы да, түйіні де өмір шындығы. Олар өз жырларында өмірдің кейбір қалтарыс тұстарын суырыпсалмалық өнермен дөп басып айтқан. Айтыс белгілі бір тақырып бойынша да өткен. Мәселен Қосшыда өткен айтыста батырлық, елдік, ерлік жырға қосылды. Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі, оның рейстагқа тіккен туы, тәуелсіздік, бостандық өскелең ақындардың сөз арқауы болды.

Жас ақындардың өнерін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы, ақын Әсем Ережеқызы, ақын Қадірхан Қизатұлы бағалады. Айтысты танымал ақын Еркебұлан Қайназаров жүргізді. 

Айтыстың жүргізушісі Еркебұлан Қайназаров мәдени шараны ашық деп жариялап, қазақ халқының батыр ұлы – Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толу мерейтойы мен ұлттық мереке Республика күнін жан-жақты жырға қосып, оны айтыс өнері арқылы дәріптеу жолында бақ сынағалы келген ақындарды ортаға шақырып, көпшілікпен таныстырды. Дүбірлі додаға аймақтардан, атап айтқанда Астана, Маңғыстау, Көкшетау, Ерейментау, Павлодардан келген 14 ақын қатысып, 7 жұп болып айтысты.

«Қазақ халқы сөз өнеріне шебер болған. Жалпы біз сөзге тоқтаған халықпыз. Оның дәлелі мыңдаған жылдық тарихы бар – айтыс деп айтар едім. Айтыс суырып салма ақындық пен домбыраның құлағында ойнайтын шеберлікті талап ететін өнер. Оның үстіне айтысты қазақ халқының асыл қазынасы деп жатамыз. Ақындар қай кезеңде де елдің жайын сөз етіп, өткеннен өнеге тартып, келешекке өсиет қалдырған. Бүгін де әз бабамыздың даңқын асқақтатып, мол мұрасын дәріптеу үшін аймақтағы ең жас ақындар келіп отыр. Ұлттық өнеріміз қазір заманауи сипат алып дамып келе жатыр. Жастар арасында да айтыскерлік өнер өте танымал деп айтар едім. Мұндай аймақтық сайыстар облыс¬тағы жас ақындардың ұшталып, тәжірибе жинауына зор мүмкіндік. Бүгінгі айтыс елдік пен ерлік, батырлық, Отанын шын сүю, еркіндік пен тәуелсіздікті жырлады. Сондықтан бұл шараның тәрбиелік мәні зор деп білемін», - дейді Еркебұлан Қайназаров Azattyq Rýhy тілшісіне.

Жалпы жас ақындары айтысы өте тартысты өтті. Әр ақынның өзінің стилі мен мақамы бар. Ақындардың алыбын айқындайтын бұл додада ерекше көзге түскендердің бірі қосшылық Бөкен Жігер. Ол сөз додасында қобызбен айтысты. Бөкен Жігер талай рет республикалық, облыстық жас ақындар айтыстарына қатысып жүлде алып жүрген талант. 2021 жылы «Алтын домбыраға» қатысып, соның арнайы жүлдесін алған. Міне, бүгін де Қосшыда өткен жыр додасында да шашасына шаң жұқтырмады.

«Менің қолымда телқоңыр деген аспабым бар. Ол аспап қобыз бен домбыраны біріктіріп жасалған. Жалпы мен айтысқа бала кезден қызығатынмын. Кішкентай кезден аға буын айтыскер аға-әпкелеріміздің өнерін естіп, солардың жырларымен сусындадым. Жамбыл мен Құлмамбеттен, Біржан мен Сарадан, Кемпірбай мен Шөжеден қалған үздік айтыс үлгілерін жаттап өстім десем болады. Одан кейінгі біздің қазіргі аға буын өкілдерінің де үздік айтыстарын ерекше бағалаймын. Жалпы айтысты жиынтық өнер деп айтар еді. Онда әншілік, суырыпсалмалық және актерлік өнердің жиынтықтары бар», - дейді Бөкен Жігер.

Батырлық пен ерлік, елдік пен тәуелсіздік жырлаған додада сөзден түрен салып, асығы алшысынан түскен жеңімпаздар төмендегіше анықталды: бас жүлдегі қосшылық ақын Бөкен Жігер иеленді. Жүлделі 1- орынды ерейментаулық өрен Ерлан Дәулет, ал екінші орынды Көкшетаудан келген Берденбек Мырзат пен тағы бір қосшылық ақын Нұртілеу Төленбек өзара бөлісты. Додада жас ақындар Айсұлу Жүнісбек, Ақниет Қайымхан, Елдар Әмірханға жүлделі 3- орын берілді. Бұдан бөлек Семейхан Тоқтасын (Көкшетау), Ерсұлтан Аушанов (Маңғыстау), Назар Мисалбек (Астана), Ринат Қожамұратов (Астана), Ибраһим Қазбек (Павлодар), Берік Әсетке (Астана) арнайы жүлделер табыс етілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.