Магистратура мен докторантураға түскісі келетіндерге маңызды хабарландыру жарияланды

Azattyq Rýhy

Жақында докторантураға қабылдау емтиханына құжат қабылдау басталады

Магистратура мен докторантураға түскісі келетіндерге маңызды хабарландыру жарияланды
Фото: © istockphoto.com

28 қазаннан бастап магистратураға кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініштерді қабылдау және докторантураға қабылдау емтиханына құжаттар тапсыру басталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тіркеу ҚР Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында өтеді және 10 қарашаға дейін жалғасады.

Білім беру бағдарламаларының шығармашылық дайындықты талап ететін топтары бойынша магистратураға түсуге құжаттар қабылдау 28 қазаннан 10 қарашаға дейін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жүргізіледі.

Тестілеудің өзі қараша-желтоқсан айларында өтеді. Тіркеу кезінде үміткер тестілеу тапсыратын қаланы өзі таңдайды, ал өтінішке өзгерістерді (білім беру бағдарламаларының тобы, тіл және қала бойынша) 10 қарашаға дейін ғана енгізе алады. Тестілеу мерзімі 13 қарашада үміткердің жеке кабинетінде жарияланады.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқу дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламаларының профилі бойынша тест. Өту баллы – 75 балл. Профильдік магистратураға түсемін деушілер тек білім беру бағдарламаларының профилі бойынша тест тапсырады, өту баллы – 30 балл, әр пәннен кемінде 7 балл алу керек.

Докторантураға түсу емтиханына тіркелу 10 қарашаға дейін жалғасады. Докторантураға құжат тапсырғысы келетіндер жоғары оқу орындарына құжаттарын емтиханға өтініш беруден бұрын тапсыруы қажет. Докторантураға түсу үшін үміткерге мемлекеттік тілді меңгеру бойынша КАЗТЕСТ сертификаты және шет тілін меңгеру сертификаты қажет. TOEFL ITP сертификаты бар үміткерлер ағылшын тілі бойынша қосымша тест тапсырады.

Докторантураға қабылдау емтихандары қараша-желтоқсан айларында өтеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.