Есірткі зертханасын ұйымдастырған: трансұлттық қылмыстық топ ондаған жылға сотталды

Azattyq Rýhy

Трансұлттық қылмыстық топтың құрамында Украина мен Молдова азаматтары болған

Есірткі зертханасын ұйымдастырған: трансұлттық қылмыстық топ ондаған жылға сотталды

Ақмола облысында Ерейментау қаласының шетіндегі жеке үйде есірткі зертханасын ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топ сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қылмыстық топ кейіннен Астана аумағында сату үшін аса ірі көлемде синтетикалық есірткі өндірісін іске асыруды көздеген.

Трансұлттық қылмыстық топтың құрамында Украина мен Молдова азаматтары болған.

«Оларды ұстау кезінде қылмыс орнынан 10 келі мефедрон мен 17 келіден астам прекурсорлар, сондай-ақ синтетикалық есірткі өндіруге арналған арнайы құрал-жабдықтар табылды.

Қылмыскерлер синтетикалық есірткіні қатаң құпиялылықта жасаған. Үй онлайн режимінде деректерді ұйымдастырушыға жіберетін бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, ал шикізат пен дайын өнімді сақтау үшін гараж жалға алынған.

Қылмыстық іс Ерейментау ауданының прокуратурасымен сотқа жолдану барысында, аталған тұлғалардың әрекеті трансұлттық ұйымдасқан топ ретінде сараланған», - делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін толық дәлелдеді.

Ұйымдастырушы 23 жылға, ал сыбайластары 22 жылға мүлкі тәркілене отырып, бас бостандықтарынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.