$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

4,2 млрд теңге бөлінген: Атырау облысында 26 км жол 6 жылдан бері аяқталмай тұр

Мердігер бұзушылықтарды бүгінге дейін қалпына келтірмеген

4,2 млрд теңге бөлінген: Атырау облысында 26 км жол 6 жылдан бері аяқталмай тұр
Фото: Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Атырау облысы бойынша департаменті еріктілердің, мердігерлердің, тапсырыс берушінің және облыстың ведомство басшылығының қатысуымен Құрманғазы ауданындағы автомобиль жолдарының жөндеу барысына мониторинг жүргізді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі аталмыш департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Департамент мәліметінше, 2018 жылы ұзындығы 26 км «Ганюшкино-Приморье-Утеры-Котяевка» автомобиль жолын күрделі жөндеу басталды. Шарт сомасы – 4,2 млрд теңге, мердігер – «Бекет Сат Жол» ЖШС, тапсырыс беруші – облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.

«Мониторинг барысында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілмейтіні, жол жабынының жоғарғы қабаты төселмегені, күрделі жөндеу осы күнге дейін аяқталмағаны анықталды. Мұның себебі мердігерлердің айтуы бойынша құрылыс материалдарының қымбаттауы мен пандемия болды. Осыған байланысты сметалық құжаттамада бұрын көзделмеген жұмыстарды қосып, қосымша келісім жасасу жоспарланып отыр», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2023 жылы Жол активтері сапасын бақылау орталығының Атырау филиалы тексеру барысында асфальтбетон жамылғысынан ұсақ түйірлі қиыршықтастың бөлінуі түрінде елеулі ақау анықталған болатын. Мердігер бұзушылықтарды бүгінге дейін қалпына келтірмеді. Ал бүгінгі мониторинг барысында жол жабынының шөгуі анықталды.

Тапсырыс берушіге ескертулер жасалып, кемшіліктерді жоюға уақыт берілді.

Сондай-ақ мониторингпен Ақкөл ауылының кентішілік жолдары мен Атырау-Астрахань республикалық маңызы бар трассасы қамтылды. Еріктілер осы учаскедегі жұмыс белсенділігінің артқанын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары