Корея республикасының моделі негізге алынады – Саясат Нұрбек

Молдатай Сымбат

Қазақстанда KAIST моделі бойынша жаңа зерттеу университеті ашылады

Корея республикасының моделі негізге алынады – Саясат Нұрбек
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

27 тамызда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) институтында болып, KAIST Президенті Kwang Hyung lee мырзамен келіссөздер жүргізді. Осыдан кейін Қазақстанда KAIST моделі бойынша бірлескен зерттеу университетін құру туралы үшжақты меморандумға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ұзақ және сындарлы келіссөздер нәтижесінде тараптар KAIST моделі бойынша Qazaqstan Advanced Institute of Science and Technology (QAIST) құру үшін негіз болатын техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) бойынша жұмысты бастау туралы келісімге келді. Сапар аясында жұмыс тобы өзара тиімді ынтымақтастық бағыттарын талқылау үшін KAIST негізгі департаменттерінің профессорларымен кездесулер өткізді», - деп хабарлады министрлік.

Екі мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиясына сәйкес университет озық зертханаларды құруға және жартылай өткізгіштер, электр, ядролық және кванттық инженерия, сондай-ақ чип өнеркәсібінде зерттеулер жүргізуге назар аударады. Бұл жоба Қазақстанның жоғары технологиялары мен ғылыми әлеуетін дамытуға ерекше үлесін қосады.

Бірлескен зерттеу университетін құру туралы меморандумға қол қою Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадамды білдіреді. Тараптар университет жоғары технологиялар саласындағы ілгерілеудің маңызды қозғаушы күші болып, сын-қатерлер мен мүмкіндіктерге дайын мамандардың жаңа буынын дайындайды деп келісті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.