6 науқастың жағдайы өте ауыр – Комитет басшысы коронавирус жұқтырғандар жайлы
7 адам жасанды демалу құрылғысына қосылған

ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев елдегі коронавирустық жағдай туралы ақпар берді.
«Қазақстанда барлығы 4298 науқас тіркелген. Оның жартысы - Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында. 1279 науқас емделіп, жазылып, үйге шығарылған. Қазір стационарда 2897 сырқат ем алуда. Олардың 85%-ы қалыпты жағдайда. 14%-ының халі орташа. 25 науқас ауыр, 6 науқас өте ауыр жағдайда. 7 адам жасанды демалу құрылғысына қосылған» - деді Тимур Сұлтанғазиев.
Эпидемияның барлық кезеңінде 30 адам қайтыс болған. Ауырғандармен байланыста болған 59 мың адам анықталған.
«Олардың 98 пайызы табылып, оқшауландырылды. Өткен тәулікте 156 жаңа жағдай тіркелді. Соңғы екі аптада ахуал тұрақталып, өсім 7 пайыз болды. Өткен 3 күнде өсім 4%-дан асқан жоқ»,- деді төраға.
Барлық науқастардың 57%-ы скрининг зерттеу нәтижесінде, 36%-ы ауруханаға жүгіну арқылы табылған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан