Маймыл шешегінің алдын алу: әуежайлар мен шекара өткелдерінде бақылау күшейді
Министрлік қазақстандықтарға үндеу жасады
Денсаулық сақтау министрлігі әлемдегі маймыл шешегінің қазіргі жағдайы туралы және ел аумағында инфекцияның таралуын болдырмау бойынша қабылданған шаралар туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрлік дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында маймыл шешегінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.
Ведомство мәліметінше, инфекцияның елге таралуының алдын алу үшін қажетті шаралар қабылданды.
Әуежайлар мен шекара өткелдерін қоса алғанда, санитариялық-карантиндік пунктерде бақылау шаралары күшейтілді. Маймыл шешегі тіркелген елдерден келген азаматтарға назар аударылады.
Инфекцияның ықтимал таралуын болдырмау үшін Денсаулық сақтау министрлігі эндемиялық елдерге сапар шегуді жоспарлап отырған азаматтарға келесідей сақтық шараларын сақтауды ұсынады:
- Ауру адамдармен және жабайы жануарлармен байланыста болудан аулақ болыңыз. Вирус маймылдар, егеуқұйрықтар және басқа жануарлар арқылы жұғуы мүмкін.
- Қорғаныс құралдарын қолданыңыз. Жануарлармен немесе олардың өнімдерімен байланыста болған кезде қорғаныс киімдері мен қолғаптарын қолдану маңызды.
- Гигиенаны сақтау. Қолды үнемі жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдану – инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі.
- Аса қажеттілік туындамаса, маймыл шешегі тіркелген елдерге шықпауға кеңес береміз.
- Алғашқы белгілер пайда болған кезде дәрігерге жүгініңіз. Егер бөртпе, жоғары температура және басқа да белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды бақылауда және кез келген өзгерістерге жедел ден қоюға дайын.