Оралда кафеде болған жарылысқа қатысты сот үкімі шықты

Azattyq Rýhy

Сот үкімі күшіне енген жоқ

Оралда кафеде болған жарылысқа қатысты сот үкімі шықты
Фото: istockphoto.com

Орал қалалық сотында «Rizyq» кафесіндегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Бұл туралы БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабврлайды Azattyq Rýhy.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, кафені жалға алушы кәсіпкер Меңдібек Уәлиев ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігіне (екі және одан көп адамның өліміне соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу) сәйкес айыпты деп танылып, оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу жазасы кесілді.

Сотталушы, сондай-ақ, үш жыл мерзімге кәсіпорындарда әкімшілік-шаруашылық, ұйымдастыру-бөлу қызметіне қатысты лауазымды атқару құқығынан айырылды.

М.Уәлиевті қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін қалдырылды.

Сот талқысында анықталғанындай, М.Уәлиев газ баллондарын алып, кафе ғимаратының кіреберісіндегі тандыр пешінде самса пісіруге пайдаланған. Ол өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша жауапты тұлға бола тұра, газ баллонының қауіп көзі екендігін білгенімен, салғырттық танытып, төтенше жағдайдың алдын алмаған.

Биылғы 3 қаңтардан 4-іне қараған түні М.Уәлиев газ баллондарының «Rizyq» кафесінде жұмыс кезінде тұруына жол берген. Содан кейін газ баллоны жарылып, ауданы 110 шаршы метр қос қабатты ғимараттың ішінара оң жақ қабырғасы мен төбесі қирап, 25 шаршы метр аумағы отқа оранды.

Салдарынан оқиға орнынан үш адамның мүрдесі табылып, тағы төрт адам ауыр және орташа ауыр жарақат алды.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.