Тоқаев бір топ құрылысшыны мемлекеттік наградалармен марапаттады

Azattyq Rýhy

Елімізде тамыздың екінші жексенбісінде Құрылысшы күні аталып өтеді

Тоқаев бір топ құрылысшыны мемлекеттік наградалармен марапаттады
Фото: akorda.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Құрылысшы күні қарсаңында отандық құрылыс саласындағы жемісті еңбегі, еліміздің инфрақұрылымдық дамуына қосқан үлесі үшін саланың бір топ жұмысшысы мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Атап айтқанда, 4 азамат «Парасат» орденінің және 36 адам «Құрмет» орденінің кавалері атанды. 40 жұмысшы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталып, 72 құрылысшы «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері болды.

Айта кетейік, елімізде Құрылысшы күні тамыздың екінші жексенбісінде аталып өтеді. 

Құрылыс индустриясы — экономиканың негiзгi iргетасы. Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Тәуелсiздiк жылдары елiмiзде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндiрiс орындары көбейдi. 

Еліміздегі құрылыс саласының қарқынды дамуы - елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру тарихи шешімімен тікелей байланысты. Соның арқасында бүгінде Астанада озық технологиялармен салынған сәулет өнерінің заманауи үлгілері - ерекше ғимараттар бой көтерген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.