$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.05.2020, 12:18
Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанға Алматыдан алғашқы жолаушылар келді

Карантин кезінде ішкі әуе рейстері тоқтатылған болатын

Нұр-Сұлтанға Алматыдан алғашқы жолаушылар келді

Бүгін 45 күндік карантиндік үзілістен кейін Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайы қайта ашылды. Таңғы сағат 08:40-та әуежай қызметкерлері мен журналистер Алматыдан алғашқы рейспен келген жолаушыларды қарсы алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі

Нұр-Сұлтан-Алматы бағыты бойынша алғашқылардың бірі болып ұшып бара жатқан елорда тұрғыны Ирина Смирнова коронавирус тестінің қымбаттығына өкпелі. 

«Коронавирус инфекциясына тестті 19 мыңға тапсырдым. Билет құны 30 мың теңге болды. Меніңше, тест бағасы қарапайым халық үшін өте қымбат. Біз де салық төлеп отырмыз емес пе?! Алматыға бір аптаға ғана бара жатырмын. Себебі 7 тәуліктен кейін кері қайтар болсам, қайтадан тест тапсыруыма тура келеді», - деді ол. 

Әуежайда санитарлы-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталған. Қызметкерлердің барлығы медициналық бетперде және қолғаппен жүр. Кіре берісте эпидемиолог мамандар жолаушылардың температурасын өлшеп, COVID-19 инфекциясының жоқтығын растайтын анықтамаларды тексеріп жатыр. Жолаушылар мен қызметкерлер бір метр ара-қашықтықты сақтауға тырысуда. 

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының атқарушы директоры Дәулет Хамзиннің айтуынша, мекемеге күніне екі рет дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Директор 45 күн ішінде әуежайдың біраз шығынға ұшырағанын да жасырмады. 

«Карантинге дейін біз тәулігіне 200 рейске қызмет көрсететінбіз. Карантин кезінде орта есеппен тәулігіне 20 рейс болды. Олардың көпшілігі гуманитарлық көмек пен азық-түліктердің транзитті рейсі», - деді Дәулет Хамзин. 

Айта кететіні, Қазақстанда ішкі әуе рейстері 16 наурызда тоқтатылған еді.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары