Өңірлерде коронавирустан қайтыс болғандардың өлім себебін зерттейтін комиссиялар құрылды
Комиссия науқас өлімінің тікелей себептерін анықтау үшін медициналық құжаттамаға талдау жүргізеді

Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық өңірінде Денсаулық сақтау басқармалары жанынан коронавирусты жұқтырған науқастардың өлім жағдайын зерттеу жөніндегі комиссиялар құрылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Комиссия науқас өлімінің тікелей себептерін анықтау үшін медициналық құжаттамаға талдау жүргізеді.
«Арқалықта үйінде қайтыс болған 84 жастағы науқасқа қатысты талдау жұмыстары 27 сәуірде жүргізіледі. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша науқас өлімінің тікелей себебі анықталады. Бүгінде науқас туралы барлық қажетті медициналық құжаттар Арқалық қалалық емханасынан және облыстық жедел жәрдем қызметінен сұратылған. Талдау нәтижелері кейінірек қосымша жарияланады», - деп жазылған Қостанай облысы әкімдігі таратқан хабарламада.
Айта кету керек, кеше марқұмдардың туысының бірі коронавирустан қайтыс болғандардың саны қолдан көбейтіліп жатты деп есептейтінін жазған едік.