Қазақстан мектептері 2021 жылы 12 жылдық білім беруге көшеді
Бұл туралы Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды ktk.kz сайты.
12 жылдық білім беру жүйесі 1-11 сыныптар жаңартылған мазмұндағы бағдарлама мен жаңа бағалау жүйесіне толығымен көшкеннен кейін енгізіледі. Министр асығыс шешім қабылдауға болмайтынын жеткізді.
«Егер асығыс шешім қабылдап, ойланбастан әрекет етсек, жағдайды ушықтырып алуымыз мүмкін. Себебі он екі жылдық білім жүйесіне көшу мектептердің инфрақұрылымына үлкен салмақ салады. Бұдан бөлек, мұғалімдер даярлау мен жаңа оқулықтар шығаруды талап етеді. Оның үстіне елімізде үш ауысымды мектептер де аз емес», - деді ол.
Айтуынша, жаңартылған бағдарламалар 2015 жылы бекітілген. Тиісінше, қазір барлық сыныптың 95 проценті жаңартылған мазмұнға көшті. Ал келесі жылы он бірінші сыныптар ауысады деп жоспарлануда.