Алматы облысында мектеп оқушылары көлік ұрлаумен айналысқан
Облыстық ПД қызметкерлері үш күннің ішінде кәмілеттік жасқа толмағандар арасында 430-дан астам құқық бұзушылықты анықтаған
Алматы облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс азаймай тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Кәмілеттік жасқа толмаған балалар ұсақ ұрлықты қойып, тіптен көліктерді де айдап кетіп отырған. Облыстық ПД қызметкерлері үш күннің ішінде кәмілеттік жасқа толмағандар арасында 430-дан астам құқық бұзушылықты анықтаған. «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы барысында көліктерді заңсыз айдап әкетіп, бөтеннің мүлкін ұрлаған бозабалалар қолға түскен.
«15 пен 17 жас аралығындағы 3 талдықорғандық жасөспірімнің 4 көлікті айдап әкетуге және өзгенің құнды заттарын ұрлаудың 13 дерегіне қатысы бары дәлелденді. Полицияның ұсынымы бойынша сот органдары кәмілеттік жасқа толмаған 3 баланы Шығыс Қазақстан облысындағы ерекше режимде ұстайтын мектепке орналастыру туралы шешім қабылдады»,- деді Алматы облыстық ПД өкілдері.
Тәртіп сақшылары түнгі «жортуылға» шығып, ойын-сауық орталықтарын жағалап жүретін балалардың да көп екенін анықтаған. Үш күннің ішінде тек түнгі мезгілде үш жүзден аса бала ойын-сауық орындарында жүрген. Полиция түнгі уақытта ойын-сауық орындарына балаларды кіргізген жеке кәсіпкерлердің де жаза арқалайтынын ескертті. Бұндай дерекке қатысы бар 5 бизнесмен жауапкершілікке тартылған. Ал қараусыз, қаңғып жүрген 8 жасөспірім уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы