«Әкімдіктің уәдесінен шаршадық»: Алматы облысында бірнеше үй топырақ астында қалуы мүмкін
Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылдық округінде бірнеше үй топырақтың астында қалуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Жер астынан шыққан судан ауыл іргесіндегі жар мүжіліп барады
Тау бөктерінен шыққан су жергілікті тұрғын Гүлбақыт Оразымбетованың ауласынан да ағып жатыр. Ол талай рет дабыл қағып, әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Алайда, шенділер бос уәдеден басқа түк бітірмей отыр дейді ол. Гүлбақыттың айтуынша, бұған дейін екі рет топырақ көшіпті. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ, бірақ топырақ үйдің есігіне дейін жетіпті.
«Күні-түні су тоқтамайды. Оның қайдан, қалай шығып жатқанын анықтаған ешкім жоқ. Топырақ бірінші рет 2017 жылы 31 мамырда құлады. 50-60 КамАЗ батпақ шығарды. Оны тазалап алып кеткен соң, 10 күннен кейін тура сондай көлемде тағы құлады тау. Далада ыдыс жуып отырғам, гүр етіп есік алдына дейін келді. Талғар ауданының әкімдігі, ауыл әкімі судың неден шыққанын анықтап, мәселені шешеміз деген. Соңғы рет алты ай бұрын жазбаша жауап алдым. Бірақ іс жүзінде түк өзгерген жоқ. Табиғи су ма, әлде жоғарыда тұратын тұрғындар ағызып жатыр ма, оны анықтау керек. Егер үшінші рет құласа біздің тірі қалатынымызға кепілдік жоқ. Әкімдік уәдемен уақыт өткізіп жатыр», - деді арызданудан шаршаған Гүлбақыт Оразымбетова.
Тұрғындар бұл жерді жеке шаруа қожалығынан 6 жыл бұрын сатып алғандарын айтады. Жер учаскесінің әр сотығы 3000-5000 АҚШ долары аралығында саудаланыпты. «Бурабай» қалашығының қожайыны Дәурен Мейірманов тау бөктерін қазып, тегістеу арқылы ондаған жер учаскесін 2006 жылдан бері сата бастаған. Ол кезде тау бөктері құрғақ болатын. Алайда, соңғы екі жылдан бері жарды жағалай салынған үйлердің ауласына жоғарыдан су аға бастаған. Тіпті, су шығып жатқан таудың төбесін де тұрғындар тегістеп, қымбат үйлер салып тастаған. Судың шығу себебін анықтамаса төмендегі ғана емес, жоғарыдағы үйлерге де қауіп төнуі мүмкін, дейді елді мекен халқы.
«Тау бөктерінің жылжу және жер асты суларының шығу себебін анықтау, жобалау-ізденіс жұмыстары үшін әкімдік «Энергохолдинг LTD» ЖШС-ға 39 миллион теңге бөлген. Жұмыс мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізілген. Мемлекеттік қорытынды екі айдан соң шығады. Содан кейін қанша қаржы кететіні анықталып, келесі жылдың бюджетіне енгізуге өтінім береміз. Қаржы тауды бекіту, қатайту, құдық қазу жұмыстарына жұмсалады. Арық жүйесі үлкен Алматы каналына қосылады», - деді Бесағаш ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Баймұса.
Әкімдіктің хабарлауынша, Бесағаш ауылында дәл осындай проблемалық екі жер бар. Бірі Баянауыл көшесіндегі қауіп төніп тұрған бес үй болса, екіншісі №6 саяжайда. Мешіттен бөлек отыздан аса үйі бар саяжайдан да жерасты суы шығып кеткен. Тау бөктеріне жағалай бетон құю мен арық жүргізу жұмыстары екі жерде де келесі жылы бірдей жүргізілмек.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы