Түркияда үш қабатты үй қирап, бір адам қаза тапты
1988 жылы салынған ғимараттың қирау себебі белгісіз
Ыстанбұлда 1988 жылы салынған үш қабатты ғимарат қирап қалды. Оқыс оқиғаның себебі әзірге белгісіз. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ыстанбұлдың еуропалық жағындағы Кучукчекмедже ауданында үш қабатты тұрғын үй қирап, бір адам қаза тапты. Тағы жетеуі жараланды, оның ішінде екеуінің жағдайы ауыр. Үйінділер астында тағы бір адам бар деген болжам бар.
Алғашында жеті адам зардап шеккені ғана айтылды. Алайда қалалық өртке қарсы қызмет басшысы Ремзи Албайрак бір адамның денесі табылғаны туралы айтты.
1988 жылы салынған ғимараттың қирау себебі белгісіз. Оқиғаға қатысты әзірге тергеу басталған жоқ;
Ыстанбұл губернаторы Дәуіт Гүлдің айтуынша, үйдің бірінші қабатында мейрамхана, екінші қабатында кеңсе болған, ал жоғары жағында адамдар тұрған.