Киевтен Будапештке дейін соғысқан: елордада ғасыр жасаған ардагер тұрады
Майданға 1 миллион 200 мың қазақстандық аттанған
Елорданың «Шарапат» орталығында соғыс ардагеріне құрмет көрсетілді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Раиса Егоровна Сафоничева байланысшы болды. Ол Киевтен Будапештке дейінгі майдан жолдарымен жүріп өтіп, Жеңіс күнін қарсы алды. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ардагерді Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов, Ауғанстан және жергілікті соғыстар ардагерлері Одағы төрағасының орынбасары Айтуған Күзербаев құттықтауға келді. Сондай-ақ «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері құттықтады.
Әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Ұлы Отан соғысы Қазақстан халқы үшін үлкен сынақ болғанын атап өтті.
«Соғыс жылдарында біздің отандастарымыз жанқиярлық пен ерліктің теңдесі жоқ үлгісін көрсетті. Майданға 1 миллион 200 мың қазақстандық аттанды. Оның 600 мыңнан астамы оралмады. Бүгінгі таңда Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 147 ардагері тұрады. Біз бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жеңімпаз аға буынға қарыздармыз. Олардың өшпес ерлігі кейінгі ұрпақ үшін үлгі болып саналады», - деп атап өтті.
Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 329 қарт адам тұрады. Оның ішінде 12 тыл еңбеккері, 30 еңбек ардагері және майдангер Раиса Сафоничева бар. Ардагердің әскери еңбегі II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Украинаны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да наградалармен марапатталған.
Әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев ардагерге Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерге қазақстандық батырлардың есімдерін беру жөніндегі жұмысы туралы айтып берді.
Қорғаныс министрінің атынан әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев 99 жастағы Раиса Сафоничеваға алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етті.
Ардагерге зор денсаулық пен сергектік тілей отырып, Т. Басқожаев бостандық, әділдік, теңдік тәуелсіз Қазақстанның мызғымас құндылықтары болып қала беретінін алға тартты.
Іс-шара соңында әскери қызметшілер ардагермен бірге сарбаз ботқасынан дәм татты. Орталық ансамбль, Орталық әскери оркестр және «Жас сарбаз» балалар шығармашылық студиясы ұйымдастырған мерекелік концерт ол үшін керемет сыйлық болды.