Аманаттықтар ҰОС ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады

Azattyq Rýhy

Майдангер 17 жасында Қызыл Армия қатарына қосылып, бір жылдан кейін ұрыс алаңына аттанған

Аманаттықтар ҰОС ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының мүшелері ел аумағында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Жеңіс күні мерекесімен құттықтауда. Бүгін «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек 99 жастағы ардагер Жақан Сейсебаевтың шаңырағына барды. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Майдангер 1925 жылы 10 наурызда Алматы облысы Сатман ауылында дүниеге келген. 17 жасында Қызыл Армия қатарына қосылып, бір жылдан кейін ұрыс алаңына аттанды. Беларусь елін азат ету үшін болған шайқастарға қатысты. «Катюша» артиллериялық қаруының тілін меңгерген зеңбірекші атанды. Жеңіс күнін, яғни 1945 жылғы 9 мамырды Кенигсберг қаласында қарсы алды.

Бүгінде Жақан Сейсебаевтың 9 немересі мен 19 шөбересі бар. «Ұрпағымыз соғыс отын көрмесін». Ел қорғаған батырдың ең ұлы тілегі – осы.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған саясаттың басым бағыты – зейнеткерлер мен ардагерлерді жан-жақты қолдау, аға буынға айрықша көңіл бөлу, оларға қолдан келгенше қамқорлық жасау. Мемлекет басшысы ардагерлер қауымының ерен ерлігі мен табандылығын үнемі назарға алып келеді.  Батырлық және туған елге деген шынайы сүйіспеншілік сынды қастерлі құндылықтар ұрпақ сабақтастығы арқылы жалғасын табуда. Әр отандасымыз майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерен ерлігін құрметтеуі және әрдайым есте сақтауы тиіс. Біз олардың алдында мәңгілік қарыздармыз», – деді Дәулет Кәрібек.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында аға буын өкілдеріне әркез қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, 2014 жылдан бері ел аумағында партияның қолдауымен қарияларға арналған 100-ден астам белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылды. Онда түрлі секциялар мен курстар бар. Зейнеткерлер компьютердің тілін меңгеріп, йогамен айналысады, түрлі үйірмелерге қатысады және жалпы бос уақыттарын пайдалы өткізеді. Аталған орталықтарда жыл басынан бері 8 мың қарияға арналған 300-ге жуық мәдени-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, шалғай елді мекендерде тар маман дәрігерлері егде жастағы адамдарға көшпелі қабылдаулар өткізеді. Осы жылдың өзінде 12 мыңға жуық қарт адам жоғары білікті медициналық көмек ала алды. Партия 5 мыңға жуық жалғызбасты зейнеткерге дәрі-дәрмек және азық-түлік жеткізу, пәтер және ауладағы құрылыстарды жөндеу, үй жинау түрінде үнемі көмек көрсетеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.