Қарағандыдағы Костенко шахтасында апат болды
Кеншілер арасында зардап шеккендер жоқ
Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада түтін шықты. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, Қарағандыда Костенко атындағы атындағы шахтада 4 конвейер штрегі түтіндеген.
Бықсуды алғашқы өрт сөндіру құралдарының көмегімен конвейер трассасының электр слесары Айбар Қосанов сөндірді.
Кенші оқиға туралы хабарлап жатқанда шахтаның басқару бөлмесінде түтін сигнализациясы іске қосылған.
Сағат 19:45–те сигнализацияға байланысты түтін сөндірілгеніне қарамастан эвакуация жоспары бойынша шахтадағы 194 кеншіні сыртқа шығару жөнінде шешім қабылданған.
Сағат 21:47-дегі жағдай бойынша, 187 кенші жер бетіне шығарылды, учаске басшылары мен бақылаушылар қатарынан 7 қызметкер оқиғаны бақылау және шахтаның тіршілігін қамтамасыз ету үшін сол жерде қалды. Кеншілер арасында зардап шеккендер жоқ.
Алдын ала себеп – төменгі төсемнің ролигіне бөгде зат түсіп, оның жұмысын тоқтатып тастаған. Содан конвейер лентасы бықсыған.