Павлодар облысында есірткі дайындап, оны сатқандар 17 жылға сотталды

Azattyq Rýhy

Олардың бұл әрекеті аса ауыр қылмыстар санатына жатады

Павлодар облысында есірткі дайындап, оны сатқандар 17 жылға сотталды
Фото: istockphoto.com

Павлодар облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты электрондық ақпараттық ресурстар арқылы психотроптық заттарды, сол тектестерді ірі және аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау фактісі бойынша, 9 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ қатысушыларының біріне қатысты есірткі құралдарын жеке пайдалануы үшін өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады. Бұл туралы Azattyq Ruhy Павлодар облысының сотына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот мәліметінше, 2021 жыл бойы ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі, Астана қаласының және Павлодар облысының аумағында ірі және аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды және сол тектестерді заңсыз дайындауға, иемденуге, сақтауға, тасымалдауға, өткізуге, өзінің қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру үшін М., Ә., Н., А., К.Е., Т., Г., К.Д., Р.-ді орындаушылар ретінде тартқан.

Ұйымдасқан топ мүшелері 2022 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында Павлодар қаласы мен Павлодар облысының аумағында қылмыстық әрекеттер жасаған. Жалпы салмағы 5 килограмнан асатын, ірі және аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттар, «эфедрон» және «мефедрон» бар көптеген пакеттер мен бумалар табылып, тәркіленді.

Сотта прокурор барлық сотталушыларды кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеумен, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады. Ал сотталушылар мен олардың адвокаттары ақтау үкімін шығаруды сұрады.

«Сотталушылардың жасаған қылмыстары аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Кінә іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, куәлардың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденеді.

Сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды – жас шақтарын, соттылығының жоқтығын ескере отырып, ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық мүшелерінің ұялы телефондарын тәркілеумен, 10 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Г. -ҚК-тің 262-б. 2-б. бойынша оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты ақталды, ҚК-тің 262-б. 2-б. бойынша қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылуы нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу және ақтау құқығын мойындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген Павлодар облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.