СҚО-дағы су тасқыны: 4 мыңға жуық үй су астында қалды
Қазір 100 үйдің құрылысы басталды
Вице-премьер Қанат Бозымбаев, Kazakhmys Holding директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай, Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким және KAZ Minerals Management басқарма төрағасы Эльдар Мамедов Солтүстік Қазақстан облысына барып, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, сонымен қатар жергілікті тұрғындармен кездесті. Бұл туралы Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне ссілтеме жасап хабарлайды.
Су тасқыны басталғалы облыста 3898 үйді су басқан. Саяжай аумағы айтарлықтай зардап шекті – 6597 учаске. Облыс әкімдігінің мәліметінше, су басқан тұрғын үйлердің 40%-ға жуығы одан әрі тұруға жарамсыз болуы мүмкін.
Үйсіз қалғандар уақытша жатақханаға орналастырылды. Вице-премьер эвакуацияланған азаматтармен кездесуде мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдау шараларын еске салды. Қазірдің өзінде 3383 отбасы 100 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы алды.
Сондай-ақ облыс тұрғындарына KAZ Minerals, Kazakhmys Holding және Kaspi.kz компаниялары Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге 60 млрд теңгеге дейін қаражат бөлгені, сондай-ақ қаражаттың негізінен Солтүстік Қазақстан облысына бағытталатыны туралы айтылды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мен үш ірі компанияның басшылығымен және акционерлермен бірге осы өңірге келдім. Жалпы сомасы 60 млрд теңге су тасқынынан зардап шеккендерге пәтер сатып алуға және үй салуға бағытталады», — деді вице-премьер халықпен кездесуінде. Сондай-ақ облыс әкімдігіне екі апта ішінде тұрғын үйлерді бағалап, оларды қалпына келтіру жұмыстарын бастау тапсырылды.
«Мұндай жағдай елімізде бірінші рет орын алып отыр. Бұл нағыз апат екенін өз көзіммен көрдім. Ешкім бейжай қалмауы керек. Мұнда бәрі тең. Үкіметпен бірге қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз», — деді Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким.
Солнечное-2 ауылында 100 үйдің құрылысы басталып кетті. Оған 10 мердігерлік ұйым жұмылдырылды. Жоба облыс әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры арасында қол қойылған меморандум аясында бастау алды. Баспананы жаздың ортасына дейін аяқтауға мүмкіндік беретін қажетті инженерлік инфрақұрылым мен коммуникациялар бар.
Бұдан кейін Қанат Бозымбаев өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пен мердігерлердің қатысуымен кеңес өткізді.
«Өнеркәсіп және құрылыс министріне өңірді қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуді, олардың бағасын үнемі қадағалап, қымбаттауына жол бермеуді тапсырамын. Әр теңгеге сұраныс болатынын мердігерлер мен әкімдікке тағы да еске саламын. Өңірлерді қалпына келтіру үдерісіне құқық қорғау органдары жұмылдырылып, жағдайды мұқият қадағалап отыр. Ауа райы салқындағанша зардап шеккендердің барлығын қоныстандыруымыз керек», — деп түйіндеді вице-премьер.