Төтенше жағдай уақытында жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылады – министр
Аида Балаева жалған ақпарат таратпауға шақырды
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төтенше жағдай уақытында жалған ақпарат таратудан аулақ болуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан өте күрделі төтенше жағдай болып жатыр. Премьер-министр деңгейінде арнайы штаб құрылды. Оның жұмысын Мемлекет басшысының өзі үйлестіреді.
Бұл ретте әлеуметтік желілерде оқиға орнынан нақты ақпарат қана емес, арандатушылық сипаттағы жалған ақпараттар да тарап жатыр.
Кейбір азаматтар ақпараттың шынайылығын тексермей, таратып жібереді. Бұл онсыз да су тасқынының бел ортасында апатпен күресіп жатқан төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын қиындата түседі. Бұл техникалық құралдардың тапшылығы жағдайында тиімді жұмысқа орасан зор зиян келтіреді», - дейді министр Facebook парақшасында.
Аида Балаева жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылатынын айрықша қозғап өтті.
«Ақпарат тарату кезінде оның дұрыстығына көз жеткізуге шақырамыз. Жалған ақпарат таралуына жол берілмейді, кінәлілер анықталып, жауапкершілікке тартылады», - дейді Мәдениет және ақпарат министрі.