Алматыда ұрлықпен айналысқан 180-нен астам қылмыстық топ ұсталды
Тіркелген қылмыстардың жартысына жуығы - бөтеннің мүлкін ұрлау
Алматы полициясы ұрлықпен айналысқан 180-нен астам қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров халық алдындағы есептік кездесуінде осындай мәліметтерді айтты.
«Тіркелген қылмыстардың жартысына жуығы - бөтеннің мүлкін ұрлау. Қабылданған шаралармен 494 ұрлық жасағаны үшін кінәсі дәлелденген 317 ұрының, қоғамдық орындарда (сауда орталықтарында, базарларда, қоймаларда, компьютерлік клубтарда) ұрлық жасаған 119 топтың, 118 пәтер тонаған 24 қылмыстық топтың, көлік ұрлығының 23 оқиғасы бойынша көлік ұрлау және тонау қылмыстарын жасаған 21 топтың, құлыпты, әйнекті сындыру арқылы автокөліктерден ұрлық жасағаны дәлелденген 17 топтың қылмыстық әрекеттерінің жолы кесілді», - деді Арыстанғани Заппаров.
Баяндамашының айтуынша, бөтеннің мүлкін ұрлау дерегін жалпы тіркеу 36,8 %-ға төмендесе, ашу көрсеткіші 13,5%-ға жақсарған.
Бұл ұрлықпен күресетін арнайы топтардың құрылуының, сондай-ақ қоғамдық орындарда да, қоғамдық көліктерде де бейнекамералар орнатудың нәтижесінде мүмкін болды.