«ЭКО» арқылы дүниеге келіп, өзі де ана атанған Алеся Шин перзентханадан шықты
Ол қалалық №1 перзентханада 15 қазанда дүниеге ұл бала әкелген болатын
Алматыда осыдан 22 жыл бұрын жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген қыз бүгін сәбиімен бірге перзентханадан шықты. Республикалық репродуктивтік инситутының мамандары, туыстары мен журналистер қауымы бүгін ЭКО-мен туып, алғаш рет өзі де ана атанған Алеся Шиннің қуанышымен бөлісті. Ол қалалық №1 перзентханада 15 қазанда дүниеге ұл бала әкелген болатын. Нәрестенің ата-анасы ұлттық салт-ғұрыптарына байланысты бір ай ішінде ат қоймайтындарын айтады. Баланың денсаулығы қалыпты, ешқандай потологиялық ауыртпашылықтары жоқ, дейді дәрігерлер.
«Мен барлық ЭКО-мен өмірге келген аналарға өмірге сәби әкелуден қорықпауға шақырамын. Орталық дәрігерлеріне шексіз ризамын. ЭКО тәсілін қолданып, мені осы өмірге әкелген өз анама да алғыс айтамын. Қазір кішкене ауырып тұрмын, жалпы жағдайым жақсы десем болады»,- деді Алеся Шин.
Кеше «Экомед» бедеулікті емдеу орталығы бұл ақпаратқа күмәнмен қарайтындарын мәлімдеп, баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Оған қарамастан Репродуктивті медицина инситутының мамандары Алеся Шиннің жағдайын отандық медицина тарихындағы елеулі оқиға деп бағалайтындарын айтады. Azattyq Rýhy тілшісіне сұқбат берген репродуктолог дәрігер Людмила Бадельбаева жоғарыдағы орталық басшысы Салтанат Байқошқаровамен ортақ тіл табысқанын мәлімдеді.
«Біз кеше пайда болған түсініспеушіліктен соң, бүгін журналистердің бәрін арнайы шақырдық. Себебі БАҚ беттерінде түрлі ақпараттар тарады. Сондықтан өз көздеріңізбен көріп отырғандай, Алеся Шин өзі табиғи жолмен жүкті болып, өмірге бала әкелгенін айтып отыр. Бізге маңыздысы осы болатын. Басқа бәсекелестік туралы мәселе тұрған жоқ. ЭКО-мен туылған адам бала туа алмайды деген стереотипті жою керек»,- дейді дәрігер.
Оқи отырыңыздар: ЭКО арқылы туған қыздың босануы дауға ұласты
Биыл республикалық бюджеттен экстракорпоралдық ұрықтандыру жолымен бала туу мақсатына 900 квота қарастырылған. Оның ішінде Репродуктивті медицина инситутына жыл басынан бері 350 квота бөлінген.
Әлемде ЭКҰ-ның көмегімен 6,5 миллиондай бала дүниеге келіпті. 42 жыл ішінде экстракорпоралдық ұрықтандыру технологиясы көпшілік тарапынан қолдауға ие болып, тіпті медициналық сақтандыру бағдарламасына да енген.
Луиза Браун (АҚШ) есімді әйел ЭКҰ көмегімен дүниеге келген әлемдегі алғашқы қыз боп саналады. Ол 1978 жылы Бристол қаласында дүниеге келген Луиза 2006 жылы табиғи жолмен босанып, ұл баланы дүниеге әкелген. КСРО-ның «тұңғыш қызы» Лена Донцова 1986 жылы дүниеге келіпті.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы