Атырауда нан қымбаттайтын болды
Жергілікті кәсіпкерлердің айуынша, атыраулық наубайханашылар қазір шығынға жұмыс істеп келеді
Нан өнімдерін шығаратын кәсіпкерлер енді бағаны 5-10 теңге аралығында қымбаттатпақ деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Атырау қаласында бүгінгі отыздан астам наубайхана тәулігіне 50 мыңға дейін нан өнімдерін шығарып келеді. Ұнды өзге өңірлерден тасығандықтан нанның өзіндік құны Атырауда 85 теңгеден асып отыр.
«Біз астықты аймақ емеспіз. Біз, тіпті, ұн да шығармаймыз. Барлық ұн сырттан әкелінеді. Бүгінгі күні шығарылатын нанның өзіндік құны 85,3 теңгеге тең келіп отыр. Сосын да, нанның бағасын өсіруге мәжбүрміз. Біз сауда нүктелеріне 90 теңгеден жібереміз, олар 95 теңгеден сататын болады. Біз астықты аймақ болмасақ та, біздегі нан бағасы ел бойынша ең төмен. Басқа облыстарда, нан бағасын 100 теңгеге дейін, кейбір өңірлер, тіпті, 110 теңгеге дейін көтеріп жіберді», - деді нан нарығындағы ірі ойыншылардың бірі Талғат Қошанов.
Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте өзге де кәсіпкерлер бағаны айдың аяғына дейін ғана ұстап тұра алатындықтарын айтқан. Олардың сөзінше, Атырауда әлеуметтік нан бағасы өзге обылыстармен салыстырғанда төмен. Мәселен, жоғары сұрыпты ұнның бір келісі 140 теңгеден асып кеткендіктен, «ас атасын» қымбаттатуға тура келеді дейді олар. Наубайхана өкілдері нан бағасы келер аптаның басында жоғарылайтынын мәлімдеді.
Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Руслан Дәулетовтың хабарлауынша, қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру механизмін жүзеге асыру үшін әкімдікте арнайы қаулы дайындалып жатыр.
«Аталған тәртіп негізінде "Атырау" ӘКК арқылы өз наубайханалары бар кәсіпкерлік субъектілеріне, сауда желілеріне жеңілдетілген қарыз берілетін болады. Олар өз кезегінде белгілі бір тауарлар мен олардың бағасы бойынша, өздеріне міндеттемелер алады. Мәселен, ұн, нан өнімдеріне. Сәйкесінше, халықта таңдау болады. Аталған сауда желілерінде нан бағасы төмен болады, - деді Дәулетов.