Жетісу облысында қар құрсауында қалған 60 адам құтқарылды
Түнгі уақытта аяз -35 градусқа дейін жетуде
Жетісулық жолшылар 60 жолаушысы бар 50 көлікті қар құрсауынан алып шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Соңғы екі күнде жол қызметкерлері республикалық маңызы бар А-355 «Үшарал – Достық» автожолында қар құрсауында қалған 50 көлікті құтқарды. Құтқарылған көліктерде 60 жолаушы болған, оның ішінде балалар мен шетел азаматтары да бар», - делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.
Жетісу өңірінде тұрақсыз ауа райы байқалады, қалың қар жауып, боран соғып тұр, салдарынан көрініс шектелген. Түнгі уақытта аяз -35 градусқа дейін жетуде.
Барлық жол қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты аталмыш өңірде көліктің барлық түрлері үшін уақытша қозғалысқа шектеу енгізілді.