Алматы облысында мың тоннадан астам көксерке балығы Еуропа елдеріне заңсыз эспортталған
Балық өнімінің аса ірі мөлшердегі экономикалық контрабандасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде

Алматы облысында мың тоннадан астам көксерке балығы Еуропа елдеріне заңсыз эспортталған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Балық өнімінің аса ірі мөлшердегі экономикалық контрабандасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізуде.
«Сотқа дейінгі тергеу нәтижесінде 2022 жылдың шілде айы мен 2023 жылдың сәуір айы аралығында заңды тұлғаның Еуроодақ елдеріне 1 135 тоннадан аса көксерке сүбесін экспорттағаны анықталды.
Экспорттауға рұқсат алу үшін ЖШС басшылығы балықтың Қырғыз Республикасынан ауланып, елімізге кіргізілгендігін растайтын жалған ветеринарлық сертификатты қолданған», - деп жазылған хабарламада.
Бірақ балықтың Алматы облысының су қоймаларынан рұқсат құжаттарсыз ауланғаны анықталды.
Сонымен бірге, тергеу барысында экспорттауға дайын 125 тонна көлемдегі балық өнімін қоймаға түсіру фактісі анықталды.