Шымкентте мас күйде екі танысын пышақтап өлтірген әйел сотталды
Ол 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі танысын пышақтап өлтірген әйелге қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға өткен жылдың 19 шілдесі күні Көксай-2 шағын ауданында болды. Алкогольдік ішімдік ішкен шағын топ, өзара көңіл көтерген. Содан араларында түсініспеушілік туындаған. Сотталушы танысын қызғанып, асханалық пышақпен қасындағыларға дене жарақаттарын салған. Бір адам сол жерде жан тапсырса, екінші адам ауруханада қайтыс болды.
Сот үкімімен ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 1) тармағымен кінәлі деп танылған сотталушы 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
«Сот сотталушыға жаза түрі мен мөлшерін белгілеген кезде оның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін мойындағанын, шын ниетпен өкінуін ескерді. Ал қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар ретінде алкогольдық масаң күйде болғанын таныды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.