Қызылорда облысында күріш өңдеу зауытынан өрт шықты: 240 тонна өнімге зақым келді
Өрттің болжамды шығу себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы
Қызылорда облысында күріш өңдеу зауытының ғимараты жанып, 240 тонна өнімге зақым келді. Бұл туралы өңірлік ТЖД мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін, 8 қаңтарда 14.01 минутта төтенше жағдайлар қызметіне Қармақшы ауданына қарасты Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» ЖШС күріш өңдеу зауытының ғимараты жанып жатқаны жөнінде хабарлама түсті.
«Өртті сөндіруге Қармақшы ауданы №10 өрт сөндіру бөлімінен 2 өрт сөндіру техникасы және 15 қызметкер жұмылдырылды. Сондай-ақ, оған өртті сөндіруге ерікті өртке қарсы қызметінен 20 қызметкер мен 3 техника күш-құралы ретінде жұмылдырылды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен.
Ведомство мәліметінше, серіктестікке қарасты күріш ақтау зауыты (диірмен) ғимаратының шатыр асты ағаштарының жануы анықталған. Оның жалпы көлемі - 234 шаршы метр.
«Өрт салдарынан зауытта жинақталған 240 тоннаға жуық күрішке зақым келген. Өрт сағат 15.14-те оқшауланып, 15.30-да толық жойылды. Қаза болғандар және зардап шеккендер жоқ. Өрттің болжамды шығу себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Қазіргі таңда оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаменті Өрт зертханасы және анықтау бөлімінің мамандары өрттің нақты шығу себебі мен шығынын есептеуде», - деп толықтырды мамандар.