$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

АҚШ, Ресей, Украина – биыл әлемде 64 президент сайланады

Әлем халқының 2 миллиардқа жуық өкілі 2024 жылы дауыс беру науқанына қатысады

АҚШ, Ресей, Украина – биыл әлемде 64 президент сайланады
Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Биыл әлемдегі 64 ел өз президентін сайлайды. Құдды бір әлемде демократияның халықаралық фестивалі өтетіндей. Құрлық ел Австралияны қоспағанда, қалған материктің бәрі сайлау науқанын өткізеді. Оның қатарында азулы АҚШ, онымен мәңгі бақталас, бәсекелес Ресей, «ортадағы» Украина да бар. Еуропалық жеті мемлекетте президенттік сайлау өтсе, Үндістан және Еуропаның 11, Африканың 10 елінде парламенттік сайлау өткізіледі. Azattyq Ruhy тілшісі биылғы саяси науқандарға тоқталды.

5 ҚАРАША. АҚШ-ТАҒЫ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

Алыстағы АҚШ-та саяси бәсеке басталып кетті. Сарапшылар президент Джо Байден орынтағын сақтап қала ма, әлде басқа үміткер ел тізгінін қолға ұстай ма деген сауалды қызу талқылап жатыр. Үміткерлер қатарында бірнеше адамның есімі мәлім. Оның ең танымалдары – Джо Байден мен Дональд Трамп.

Бұл екеуі бір-бірінің көзін шұқып, кемшіліктерін бетке басудан алдына жан салмайды. Трамп Ақ үйдің қазіргі қожайынын IQ-і төмен деп кемсітті, ал Джо Байден оны бүлікші, жемқор деп айыптады.

«Джо Байден мен Демократиялық партия кез келген мәселені шеше алмайды. Қисық Джо – біздің ел тарихындағы ең нашар, қабілетсіз және жемқор президент», - дейді экс-президент Трамп.

Бұл сөзге Джо Байден үн қатпағанмен, Канада премьер-министрі шыдамады: 

«Егер Трамп билікке қайтып келсе, демократияға, сыртқы саясатқа және геосаясатқа ауыр зардабын тигізеді», - дейді Канада Премьер-Министрі Джастин Трюдо. 

Дональд Трампқа қатысты елдегі екі штат – Мэн және Колорадо билігі «бүлікке қатысқаны» үшін айыптап, 2020 жылғы сайлау қорытындысының күшін жоюға ұмтылды және өз жақтастарын Капитолий шабуылына итермеледі деп мәлімдеді. Елдің Жоғарғы соты аталмыш шешімдерді оң деп тапса, Трамп автоматты түрде Мэн және Колорадо штатының сайлаушылар дауысынан айырылады.

Алайда бұл Трамптың танымалдығын арттырмаса, кеміткен жоқ. Сарапшылардың пікірінше, Трамптың немесе басқа республикашылдың билікке келуі Батыстың Украинаға қатысты келісілген саясатын бұзуы мүмкін. Өйткені бұл партияның кейбір қайраткерлері Киевке әскери және қаржылық көмекті шектеуді көздейді. Сонымен қатар сауда дауы қайта жандануы мүмкін. Республикалық партия америкалық өндірушілерді қорғайды. Сәйкесінше, еуропалық одақтастардың тауарларына салынатын баж салығын қымбаттатуы мүмкін. Трамп болса, барлық шетелдік импортқа 10 пайыздық тариф енгізуге ант берген еді.

Сонымен, АҚШ-тағы президенттік сайлау 5 қараша күні өтеді.

15-17 НАУРЫЗ РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІН САЙЛАУ

8 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин 2024 жылдың 15-17 наурызына тағайындалған президенттік сайлауға қатысатынын мәлімдеді.

Ресей Федерациясында қазір саяси вакуум пайда болды деген пікір бар, сондықтан алдағы сайлауда Владимир Путиннің күшті қарсыласы жоқ. Белгілісі, осы күнге дейін 11 үміткер науқанға қатысуға ниет білдірді. Мемлекеттік Думаның экс-депутаты және либерал Борис Надеждин, «Яблоко» жетекшісі Григорий Явлинский өзінің қатысуы туралы айтқан болатын. Сонымен қатар ЛДПР жетекшісі Леонид Слуцкий және Мемлекеттік Думаның вице-спикері, «Новые люди» партиясының мүшесі Владислав Даванков бар. Яғни, сайлау тек батыс елдеріне тән тәртіпті сақтау үшін өтетіндей. Өзгеріс жоқ.

Президент алты жылға, яғни 2030 жылдың 7 мамырына дейін сайланады.

Путин 2012 жылы сайланды, содан кейін 2018 жылы қайта сайланды. 2000-2008 жылдары да президент орынтағын иемденді. 2008-2012 жылдары ғана мемлекеттегі ең жоғары лауазымды Дмитрий Медведев атқарғаны белгілі.

Іле-шала, наурыздың соңында Украинада да президент сайлауы болады деп күтілуде. Алайда, маңызды саяси науқан Ресей-Украина соғысы салдарынан кейінге шегерілуі әбден мүмкін.

6-9 МАУСЫМ ЕУРОПАЛЫҚ САЙЛАУ

Маусым айында ЕО-ға мүше 27 елдің азаматтары Еуропалық Парламентте олардың мүдделерін кім білдіретінін шешеді. ЕО-ның негізгі елдеріндегі экономикалық құлдырау, климаттың өзгеруі және көші-қон мәселесі - сайлау науқанының шешуші мәселелеріне айналады. Сайлау сонымен қатар Еуропалық Комиссияның келесі құрамын кім басқаратынын шешеді: қазіргі төраға Урсула фон дер Ляйен қайтадан өз кандидатурасын ұсынып отыр.

МАҢЫЗДЫ САЯСИ ДОДАЛАР

Қаңтарда Финляндия жаңа президентті таңдайды. Литвада парламенттік сайлау 12 мамырда, ал Хорватияда 22 қыркүйекте өтеді. Науқан Иранда 1 наурызға және Беларуссияда 25 ақпанға жоспарланған. Австриядағы сайлау – ең маңызды доданың бірі, өйткені Еуропа оңшыл күштердің көтерілуін тежеуге тырысады.

Маусым айының басында Бельгияда қос сайлау өтеді: еуропалық және федералды. 11,6 миллион халқы бар ел өзінің күрделі саяси жүйесімен танымал: оның қазіргі коалициялық Үкіметінде кемінде жеті партия бар.

Индонезияда жалпы сайлау 14 ақпанда, ал Үндістанда сәуір-мамыр айларында өтеді. Индонезияда 200 миллионнан астам адам сайлауға қатысады деп жоспарланған. Яғни, бұл әлемдегі ең үлкен бір күндік сайлау ретінде тарихта қалмақ.

Сонымен қатар, тұманды альбион елі де 2024 жылдың соңына дейін жалпы сайлау өткізеді, деп растады Премьер-Министр Риши Сунак.

Тайваньда президенттік сайлау 13 қаңтарда өтеді. Бұл елдегі өзгерістердің Қазақстанға тікелей әсері болмағанымен, бізбен байланысы тығыз АҚШ пен Қытай қарым-қатынасына тікелей әсер етуі мүмкін. Додаға түскен тараптың бір жағы құрлықтық Қытайдан бұрын  Батыспен дос болуды жөн көрсе, екінші тарап, керісінше бағытты ұстанады. Ал Қытайдың Тайваньді бақылаудан шығару ниеті жоқ. АҚШ аралдағы ықпалын арттыра ала ма, бұл сұрақтың жауабын 10 күннен соң білеміз.

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев те өз таңдауын жасады. Ол 7 ақпанда кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін жариялады. Бір қызығы, Әлиевтің мерзімі 2025 жылға дейін еді. Өз шешімімен Әлиев ішкі оппозицияны да, сыртқы ойыншыларды да таң қалдырды.

Жалпы, 2024 жылы болатын таңдаулар мен сайлаулар геосаяси тепе-теңдікті түбегейлі өзгертіп, Украина, Таяу Шығыс қақтығысына, сауда қатынастарына және әлемдік экономикаға өз әсерін берері сөзсіз.

Серіктес жаңалықтары