АҚШ-тың мемлекеттік қарызы рекордтық 34 триллион долларға жетті

Мемлекеттік қарыз пандемияға дейін болжанған сомадан асып түсті

АҚШ-тың мемлекеттік қарызы рекордтық 34 триллион долларға жетті
Фото: golosameriki.com

АҚШ федералды үкіметінің жалпы мемлекеттік қарызы 34 триллион доллардан асып, рекордтық деңгейге жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy golosameriki-ге сілтеме жасап.

АҚШ-тың қаржы министрлігінің хабарлауынша, мемлекеттік қарыз пандемияға дейін болжанған сомадан асып түсті. 2020 жылдың қаңтарында Конгресстің бюджеттік кеңсесі федералды үкіметтің жалпы қарызы тек 2029 жылы 34 триллион долларға жетеді деп күткен болатын.

Қарыздың көп бөлігі алдымен Дональд Трамптың, содан кейін қазіргі президент Джо Байденнің тұсында алынғаны анықталды. Екеуі де елдегі экономиканы тұрақтандыру және оның қалпына келуіне қолдау көрсету үшін қарыз алу туралы шешім қабылдаған.

Қалпына келтіру процессі инфляцияның өсуімен қатар жүрді, бұл пайыздық мөлшерлеменің өсуіне алып келді.

Лойола Мэримаунт университетінің экономика профессоры Сун Вон Сон: «Вашингтон бізде шексіз ресурстар бар сияқты ақша жұмсайды», – дейді.

АҚШ мемлекеттік қарызының шетелдік иелері – Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және Еуропа елдері американдық мемлекеттік облигациялардың көлемін қысқартты.

Петерсон Қорының басшысы Майкл Петерсон: «Қаржы министрлігі наурыз айының соңына дейін тағы 1 триллион доллар қарыз алуды жоспарлап отырғандықтан, алдағы уақытта да қарыз тез өсе береді», – деді.

Бірақ әзірге мемлекеттік қарыз АҚШ экономикасына айтарлықтай ауыртпалық түсірмейді. Өйткені инвесторлар федералды үкіметке қарыз беруге дайын. Мұндай несиелеу үкіметке салық көтермесін азайтып, мемлекеттік бағдарламаларға ақша жұмсауды жалғастыруға мүмкіндік береді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.