«Сотталғандар жұмыс істеген»: Қызылорда облысында жалған дипломмен жұмыс істеген мұғалімдер анықталды
Облыс прокуратурасы орта білім беру мекемелерін тексеріп жатыр
Қызылорда облысындағы мектептерде жалған дипломмен жұмыс істеген қызметкерлер анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Тіптен соттылғы бар адамдарда балаларға сабақ берген. Алғашқы тексеру нәтижелерімен санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен өрт қауіпсіздігін бұзудың 200-ден астам фактісі анықталды.
«Кейбір мектептерде бейнебақылаудың «соқыр аймақтары» жойылмаған, жұмыс істемейтін бейнекамералар бар, салдарынан сапалы бақылауға кедергі келтіреді. Информатика сабақтарында оқушылар бақылаусыз қалып, ересектер мен құмар ойындарға арналған сайттарға еркін кіруге мүмкіндік берілген», - деп хабарлады Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар 26 мектепте мұғалімдерді конкурс өткізбей жұмысқа орналастыру фактілері анықталса, соттылығы бар және медициналық мекемелердің «Д» есебінде тұрғандар жұмысқа алынған.
«Сонымен қатар, педагогтар жалған дипломмен жұмысқа қабылданғаны анықталып, олар бойынша қылмыстық іс тіркелді. Мектептерді тексеру жұмыстары жалғасады», - делінген ведомствоның хабарламасында.