Ақмола облысында жалған диплом алғандар 30 млн теңгеден астам шығын келтірген

Azattyq Rýhy

Қазіргі кезде тергеу жұмысы жүріп жатыр

Ақмола облысында жалған диплом алғандар 30 млн теңгеден астам шығын келтірген
Фото ашық дереккөзден

Ақмола облыстық прокуратурасы жалған дипломдарды пайдалану фактілерін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомстоның баспасөз қызметі хабарлағандай, соңғы жылдары еліміздің ауылдық жерлерінде кадрлар тапшылығы едәуір теңестірілді. Алайда «маман» деген атпен жекелеген адамдар жеңілдік шарттарын пайдалана отырып, бюджет қаражаты есебінен ақша алып отыр.

Облыс прокуратурасы бағдарлама шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну кезінде қолданыстағы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді.

Оның нәтижелері бойынша жалған дипломдардың көмегімен жеңілдіктер алған және шарттық міндеттемелерді бұзған адамдар анықталды.

«Мәселен, 2021 жылы К. есімді азамат жалған диплом бойынша Атбасар ауданының оқу орнында биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. 2022жылы мүліктік игіліктер алу мақсатында, сол жалған дипломды пайдаланып, бағдарламаға қатысқан (4,9 млн теңге алған).

Осындай схеманы білім беру саласындағы тағы 12 «маман» пайдаланған. Залалдын жалпы сомасы 30 млн теңгеден асты», - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда қылмыстық қудалау органдары тергеу іс-шараларын жүргізуде, ҚПК-тің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де ақпарат жариялануға жатпайды.

Айта кетсек, ауылдық жерлерге жас мамандарды тартуға мемлекет ерекше назар аударады және қомақты бюджет қаражатын бөледі. Осы мақсатта, 2009 жылдан бастап бүкіл ел бойынша «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда, ол ауылдық жерде еңбек етуге ниет білдірген мамандарға жеңілдікпен кредиттер мен өтеусіз жәрдемақылар алуға мүмкіндік береді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.