ҚМА тиімсіз жобаларға бөлінген 5,1 млрд теңгенің жұмсалуына жол бермеді

Azattyq Rýhy

Игерілмеген қаражат басқа әлеуметтік мақсаттарға бағытталады

ҚМА тиімсіз жобаларға бөлінген 5,1 млрд теңгенің жұмсалуына жол бермеді
Фото: gov.kz

Қаржы мониторингі агенттігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде тиімсіз жобалар бойынша 5,1 млрд теңгеге қаржыландыруға жол берілмеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство мәліметінше, Қызылордада Сырдария өзенінің арнасын тазартуға 5 млрд теңге қарастырылған болатын.

«Алайда, жобаның сапасыз жоспарлануына байланысты, тазалау жұмыстарынан кейін қатты ағын мен желдің әсерінен өзен арнасы қайтадан ластанып, толып қалған. ҚМА өңірлік департаментінің қызметкерлері қабылдаған шараларынан кейін әкімдік 3,7 млрд теңге көлемінде игерілмеген қаражатты басқа әлеуметтік мақсаттарға бағыттады», - делінген ҚМА хабарламасында.

Сондай-ақ Көкшетау қаласының Станционный кентінде 1,4 млрд теңгеге 160 орындық мәдениет үйін салу жоспарланған болатын.

«Жобаның бастапқы құны 910 млн теңгені құраған, ал басқа елді мекендерде осыған ұқсас объектілердің құны айтарлықтай төмен болған», - деді агенттік өкілдері.

Осыған байланысты Көкшетау қаласының әкімдігі шартты бұзу бойынша жұмыс жүргізуде, үнемделген қаражат есебінен басқа да әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылатын болады.

Қаржылық мониторинг агенттігі ірі объектілер мен инфрақұрылым құрылысының құнын арттыру фактілеріне мониторинг жүргізу бойынша белсенді жұмысты жалғастыратын болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.