Қызылша жұқтыру бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі – Есмағамбетова

Аягөз Құрмаш

Жыл басынан бері қызылшаның 11 057 жағдайы тіркелген

Қызылша жұқтыру бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі – Есмағамбетова
Фото: ortcom.kz

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қызылшаны жұқтыру жағдайы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Қазір елде қызылшаны жұқтыру бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі. 2023 жылдың басынан бері ҚР-да қызылшаның 11 057 жағдайы тіркелді, оның ішінде 83%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар арасында, 2,7%-ы –жасөспірімдер арасында, 13,8%-ы ересек адамдар арасында тіркелген. Қызылша ауруы барлық өңірде тіркелді, жоғары деңгей Алматы қаласында – 2031 жағдай, Шымкент қаласында – 2026 жағдай, Жамбыл облысында - 1392 жағдай және Алматы облысында – 1111 жағдай», - деді ол.

Есмағамбетова атағандай, балалар арасындағы сырқаттанушылық вакцинация алмағандар есебінен тіркелуде.

«Бұл ретте, 60%-да – балалардың екпе алмауына байланысты, 18,3%-да – медициналық қарсы көрсетілім бойынша, 21%-да егу жасына жетпеуіне байланысты егілмеген. Қазіргі уақытта қызылша бойынша жағдайды тұрақтандыру мақсатында мынадай шаралар жүргізілуде: қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация, ошақтарда егілмеген байланыста болған 30 жасқа дейінгі адамдарды вакцинациялау, 18 жасқа дейінгі балалардың егілуін тексеру,  денсаулық сақтаудың барлық деңгейлерінде халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмысы. Айта кету керек, қазіргі эпидемиологиялық жағдайда қызылша 5 жасқа дейінгі балалар арасында көбірек тіркелген, яғни қызылша жағдайларының 65%-дан астамын құрайды», - деді Айжан Есмағамбетова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.