$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Әзербайжанның әскери операциясы: Ереванда тұрғындар наразылыққа шықты

Шерушілер үкімет ғимараты мен Ресей елшілігін басып алмақ болды

Әзербайжанның әскери операциясы: Ереванда тұрғындар наразылыққа шықты
© Sputnik Армения

Ереванда Әзербайжанның Таулы Қарабақтағы әскери операциясының басталуына байланысты наразылық шерулері өтіп жатыр. Үкімет үйінің алдында наразылыққа шыққандар ел премьер-министрі Никол Пашинянның отставкаға кетуін және Таулы Қарабақтағы армян халқын қорғауды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сейсенбіде жүздеген адам Армения үкіметі ғимаратының жанына жиналып, премьер-министр Никол Пашинянды Қарабақтағы жағдайды ушықтырды деп айыптады. Наразылық білдірушілер «Никол – сатқын» деп ұрандатқан. Олар тіпті, Республика алаңындағы үкімет үйіне басып кіруге әрекеттенген.

Жергілікті БАҚ жазуынша, шерушілер биліктен аймақтағы жағдайға араласып, Таулы Қарабақтағы армян халқын Әзербайжан атқылауынан қорғауды талап етті.

Шерушілер мен үкімет ғимаратын қоршауға алған полиция арасында қақтығыстар да болған. Полиция шулы-жарық гранаталарды қолданған. Ал наразылық білдірушілер полицияға дүркін-дүркін тас пен пластик бөтелкелер лақтырған.

Осы ретте Арменияның Ұлттық қауіпсіздік қызметі елдің «ішкі қауіпсіздігін тұрақсыздандыратын кез келген әрекетті бейтараптандыру» шараларын қолданатынын ескертті.

ЕРЕВАНДАҒЫ РЕСЕЙ ЕЛШІЛІГІНЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛДЫ

Тағы бір наразылық шеруі Еревандағы Ресей елшілігінің жанында өтті. Жиналғандар Таулы Қарабақта орналасқан ресейлік бітімгершілік күштерінен аймақ тұрғындарын "Әзербайжан басқыншылығынан" қорғауды талап етті. Елшілік пен БҰҰ кеңсесі маңында мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының туын ұстаған адамдар да жиналды.

ТАСС агенттігінің жазуынша, шерушілер елшілікті жауып тастады, сол себепті елшілік қызметкерлері дипломатиялық өкілдік ғимаратынан шыға алмады. Ал РИА Новости жазуынша, кешке қарай наразы топ елшілік ғимаратынан шығып кеткен.

Бүгін Армения министрлер кабинеті мен Ресей елшілігінің маңындағы наразылық шеруінде 16 адам ұсталғаны хабарланды. 

«11 адам Армения үкіметі ғимаратының жанында, тағы бес адам Еревандағы Ресей елшілігінде ұсталды», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, Әзербайжан Таулы Қарабақта «жергілікті сипаттағы антитеррористік әрекеттерді» бастаған болатын.

Аталған жағдайға Ресей Сыртқы істер министрлігі пікір білдіріп, «әскери әрекеттерді тоқтатуға және бейбіт тұрғындардың құрбан болуына жол бермеуге» шақырды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы да Әзербайжан тарапын «халықаралық гуманитарлық құқық қағидаттарын» қатаң сақтауға шақырды.

Серіктес жаңалықтары