Елордада қоғамдық көліктер бір аптаға тоқтайды – Көлгінов
Қала әкімінің айтуынша, мереке күндерінен кейін көшедегі халықтың қарасы көбейген
Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей, коронавирус тез тарап, ауырған адамдардың саны артып келеді. Өкінішке қарай, адам шығыны да бар. Індет кесірінен қаза болған кісінің отбасына көңіл айтамыз. Дәрігерлер қолынан келгеннің бәрін жасады. Бұл оқиға инфекцияның қаншалықты қауіпті екенін тағы бір рет көрсетті», - деді Алтай Көлгінов видеоүндеуде.
Оның айтуынша, ол аурухана қазір карантинге жабылып, кейбір дәрігерлер де карантинге жатқан. Сонымен қатар әкім №1 автобус паркі карантинге жабылғанын айтты.
«Мониторинг барысында аталған мекеменің жұмысшысы вирус жұқтырғаны анықталды. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін автопарк жұмысшылары тескеруден өтеді. Мекеме аумағына және автобустарға дезинфекция жұмыстарын жүргіздік», - деді ол.
Елорда әкімінің айтуынша, 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында қоғамдық көліктер тоқтайды. Автопарк жұмысшыларының денсаулығы тексеріледі. Сонымен қатар Алтай Көлгінов мереке күндерінен кейін көшедегі халық қарасы көбейгенін айтты.
«Азаматтардың оқшаулануын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік комиссияның шешімімен 30 наурыз бен 5 сәуір аралығы жұмыссыз апта болып жарияланды. Медицина, құқық қорғау және қала өмірін қамтамасыз ететін коммуналдық шаруашылық қызметкерлері жұмысын жалғастыра береді. Инфекциямен күрестің алдыңғы шебінде жүргендерді тасымалдау үшін көлік ұйымдастыруға көмектесеміз», - деді ол.
Әкімнің айтуынша, азық-түлік алуға, дәріханаларға баруға, медициналық қызмет алуға және рұқсат етілгендерге жұмысқа баруға ғана рұқсат етіледі. Басқаның бәрі шектеледі, үйден шығуға болмайды.
«Бір айта кететіні, бұл енді жай ғана өтініш емес, әрбір адам қатаң сақтауы тиіс Төтенше жағдайдың тәртібі. Енді қала көшелерін патрульдік қызмет қадағалайды. Әлдекімнің жауапсыздығы басқа адамдардың өміріне қауіп болмауы тиіс!», - деді Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, 25 наурыздан бастап зейнеткерлердің, диспансерлік есепте тұрған азаматтардың үйлеріне дәрі-дәрмек, қорғаныс құралдарын және азық-түлікті тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Өтініштер iKomek 109 қызметі арқылы қабылданып жатыр. Сонымен қатар азық-түлік дүкендері жұмыс істей береді. Қала әкімі видеоүндеу барысында кәмелет жасына толмаған балалардың үлкен адамдарсыз көшеде жүруіне тыйым салынатынын, саябақтар, скверлер, жағалаулар, көшедегі балалар ойнайтын алаңдар, тағы басқа қоғамдық орындардың барлығы жабық екенін айтты.
«Құрметті қала тұрғындары! Қоғамдық тәртіпті сақтау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз! Темірдей тәртіптен басқа жол жоқ. Жақындарыңыздың жаны қиналғанын күтпеңіздер. Қазірден бастап қамданған жөн!», - деді елорда әкімі.