Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдеріндегі қазақстандықтар елге оралып жатыр
Елге шетелден келген азаматтар түгел дәрігерлердің бақылауына алынады
Коронавирустық инфекцияның қарқынды таралуына байланысты Қазақстанның Мексикадағы елшілігі Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінен қазақстандықтардың елге оралуына көмек көрсетті.
Осылайша, 13-25 наурыз аралығында Қазақстанның 127 азаматы – Доминикан Республикасынан, 4 азаматы – Мексикадан, 3 азаматы – Панамадан және 3 азаматы Коста-Рикадан оралды.
«Аталған мемлекеттер халықаралық әуе қатынастарын тоқтату мен шетел азаматтарына халықаралық әуежайлардағы транзиттік аймақтардан шығуға тыйым салуларына байланысты бірқатар қиындық орын алған болатын. Аталған кедергілерге қарамастан, Мехико мен Мәскеудегі дипломаттарымыздың үйлесімді әрекеттерінің арқасында, ҚР азаматтарын Мәскеу арқылы транзитпен Қазақстанға аман-есен жеткізу жұмысы сәтті ұйымдастырылды», - делінген ҚР СІМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.