Қытайда коронавирус ең алғаш теңіз шаяндарын сататын әйелден анықталған

Мамандар оның ағзасына вирустың қалай түскенін анықтай алмай жатыр

Фото ашық дереккөзден

COVID-19 жаңа вирусы ең бірінші болып Ухань қаласындағы «Хуанань» базарында теңіз шаяндарын сататын әйелден анықталғаны белгілі болды. Бұл туралы жергілікті «Пэнпай» басылымына сілтеме жасап РИА Новости хабарлады.

Вирус теңіз жануарларының ағзасында туындаған ба, әлде базарға басқа жақтан келді ме, ол жағы белгісіз күйде қалып отыр. Мамандар әзірге коронавирустың нақты қандай организмде туындағанын анықтай алмай жатыр.

Белгілісі, Вэй есімді сатушы әйел былтыр 11 желтоқсанда дәрігерге барып, ауырып жатқанын айтып қаралған. Оның қызуы көтеріліп, ағзасы әлсіреген екен. Мамандар оған дәрі еккенімен, науқастың жағдайы жақсармаған. Ауруы жанына батқаннан кейін ол 16 желтоқсанда «Сехэ» ауруханасына жүгініпті. Жаңа вирусты сол аурухананың дәрігерлері анықтаған. Осылайша Вэй әлемде коронавируспен ресми ауырған алғашқы адам болып отыр.

Ал, ауруды ең бірінші жұқтырған адам – Чэнь есімді Ухань тұрғыны. Оның «Хуанань» базарына еш қатысы жоқ және теңіз өнімдерімен жұмыс істемейді. Оның ауруды қандай жағдайда жұқтырғаны әзірге белгісіз. Қызығы сол, науқаспен байланыста болған отбасы мүшелеріне де, оны ауруханаға алып барған адамға да вирус жұқпаған.

Сұхбат
Карантинде отырған азаматтарға психолог кеңесі
«Туристік қамқор» басшысы Асылхан Есіловпен сұхбат