Алматы саябағында кептерлер қырылып қалды: мамандар себебін анықтап жатыр (ВИДЕО)
Қалада бұған дейін коронавирусқа қарсы дәрі себу жұмыстары жүргізілген болатын

Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында жабайы кептерлердің жаппай қырылуы тіркелді. Оқиғаны куәгерлер видеокамераға жазып, әлеуметтік желілер арқылы таратуда.
Құстардың өлуінің себебі әлі белгісіз. Дегенмен, жергілікті тұрғындар мен ветеринарлық дәрігерлер коронавирусқа қарсы залалсыздандыру жұмыстары табиғатқа кері әсерін тигізген болуы мүмкін деген болжамдарын айтуда. Өйткені, саябақта дәрі себу жұмыстары жүргізілген.
Ал, Экология министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет аталған жайттың себебін анықтау үшін арнайы зертханалық жұмыстардың жүргізілетінін хабарлады.
«Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің Алматы облысы бойынша аймақтық инспекциясы мамандары өзге де жауапты орган мамандарымен бірлесе отырып арнайы зертханалық жұмыстарын жүргізеді. Қорытындысын қосымша хабарлайтын боламыз», - деп жазды С.Ділдахмет өзінің Facebook-парақшасында.
Айта кетейік, коронавирустың алдын алу мақсатында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында көшелерді және қоғамдық орындарды залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.