Бразилияда сотталған қазақстандық қалған жазасын елде өтеуі мүмкін
Бүгінде 200-ден астам Қазақстан азаматы сырт елдерде жазасын өтеп жатыр
Бүгін Сенатта Бразилия мен Қазақстан арасында қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек, тұлғаларды ұстап беру және сотталған азаматтармен алмасу туралы заң жобасын ратификациялау мәселесі қаралды. Депутаттар құжатты Парламенттің кеңейтілген отырысына енгізу туралы шешім қабылдады.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, Бразилия түрмесінде 7 жылға сотталған отандасымыз отыр. Бір жарым жылдан бері Бразилияда қамауда отырған азамат енді қалған жазасын өз елінде өтеу туралы арыз түсірген.
«Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттің қамқорлығын сезінуі тиіс. Олар қылмыс жасағанымен, біз өз азаматтарымыздан бас тартпаймыз. Олардың қалауы бойынша сырт елдерде жазасын өтеп жатқандарды елге экстрадициялау үшін бар мүмкіндікті қарастырамыз. Себебі, өзге елде белгілі бір қиындықтар болады. Мысалы, тілді білмеу, құқықтық көмек көрсету және отбасымен, туыстарымен және достарымен әлеуметтік байланысты үзу. Қазір осы азаматшаның қалған мерзімін елде өтеу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», - деді Бас прокурордың орынбасары.
Марат Ахметжановтың мәліметінше, отандасымызды елге экстрадициялауға бір ай жеткілікті.
Қазір 200-ден астам қазақстандық азамат шет елдердегі түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ал, Қазақстан аумағында қамауда отырған 500 шетелдік азамат бар.
«Басқа елдердің түрмесінде жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматтары бар. Көбі ТМД елдерінде. Саны шамамен 200-ден асады. Сол секілді біздің елдегі түрмелерде жазасын өтеп жатқан 500-ден аса шетелдік азамат бар. Көбі Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтары. Жалпы, мемлекеттер арасындағы құзырлы органдардың өзара шарттары оң нәтиже беріп жатыр. Жуырда ғана Дубайдан бір азаматымызды экстрадицияладық. Испания қылмыс жасаған бір азаматымызды бізге ұстап берді. Қазір тергеу жүріп жатқандықтан, олардың қандай қылмыспен ұсталғанын айта алмаймын», - деді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан